Алматы кәсіпкерлері қалаға қатаң карантин шаралары енгізілсе, баға өсіп, жұмыс орны қысқаруы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Қазақстанда сырқаттанғандар саны күн сайын көбейіп барады. Алматы "сары" аймақта тұр және "қызыл" аймаққа жақын. Әзірге санитария дәрігерлері ауру жұқтырғандармен байланыста болған, жүкті және екпе салдырмаған, екпеге қарсы көрсетілімі бар адамдарды ғана қашықтан жұмысқа ауыстыруды, қоғамдық орында маска тағуды ұсынады. Осы ұсыныстардан кейін маска сатылымы қайтадан өсті.
"Қаулы шыққаннан кейін маска сатылымы екі есеге өсті деуге болады. Баға қымбаттамады. Бізде бұған дейін бір маска 15 теңге тұратын, қазір де бағасы сондай", - деді қалалық дәріхана фармацевті.
Кинотеатр, тамақтану және басқа да орындардың иелері жаңа карантинге ерекше алаңдаулы. Рестораторлар клубы қауымдастығының қаржы директоры Ирина Лебедеваның айтуынша, ондаған қызметкері жұмыссыз қалуы мүмкін.
"Біріншіден, бұл қоғамдық тамақтану, содан кейін қызмет көрсету және ойын-сауыққа кесірін тигізеді. Біз әдеттегідей қаржылай зардап шегеміз. Салықтар, жалға алу. Ал шығынымызды ешкім өтемейді. Кейбір шектеулер келушілерге қатысты. Балама жоқ. Не жабыламыз, не жұмыс уақытымызды қысқартамыз. Ондай жағдайда мемлекет тарапынан ешқандай қолдау болмайды", - деді Ирина Лебедева.
Кәсіпкерлер Ashyq-ты қайта іске қосуға, бетперде тағып, қолғап киюге дайын, бірақ бизнестің жұмысын жаппауды сұрайды. Олардың айтуынша, карантинде келушілердің азаюына байланысты баға 20 пайызға өсуіне себеп болса, келесі карантин бағаның бірнеше есе өсуіне әкелуі мүмкін.
Санитарлық қызмет өкілдері әзірге ешкім қатаң карантинді жоспарлап отырған жоқ дейді. Тіпті Ashyq жүйесімен сканерлеуді қайтару үшін де негіз болу керек.
"Бізде Ashyq тек "қызыл" аймаққа кіретін өңірлерде ғана енгізіледі деп көзделген. Аймақ бірнеше көрсеткішті ескеріп, "қызыл" аймаққа енеді. Сырқаттанғандар саны өсіп, инфекциялық және реанимациялық төсектер 50 пайыздан немесе 70 пайыздан асатын болса ғана", - деді Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бастығы Роза Қожапова.
Дәрігерлер жағдайы нашарлаған адамдарға қоғамдық орынға бармай, оқшауланып, учаскелік дәрігерді күтуге кеңес береді.
505 рет оқылды