Фото: facebook.com/mukan.shynggys
Биыл Алматыда Халықаралық кітап күніне орай ашылған Coffee Book кофеханасын жабылды, деп хабарлайды Ult.kz Mazmundama баспасының басшысы, әрі кофехананың иесі Шыңғыс Мұқанға сілтеме жасап.
Кофехана иесі жоба өзін ақтамағанын айтады.
"Шетелдерде кітап кафелері көп. Алматыдағы жалғыз кітап кафе сонымен жабылды. Кітаби формат халыққа өтпеді. Достықтағы Coffee Book толығымен жабылды, қазір жинастырып жатырмыз, ал Жандосовтағы орынды Coffee Original-дың жігіттеріне басқаруға бердік. Кітаби формат сақталады, одан бөлек Coffee Original-дың барлық орындарына кітап сөрелерін қоямыз деп уәде етті", - деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Осылайша, Coffee Book жабылғанымен, кітап кафе идеясы жалғасатынын ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, Coffee Book әу баста тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттауды көздеген. Кофехананың сөрелеріне түрлі жанрдағы мыңға жуық оқулық қойылған. Кітапхана мен кофехана қызметін үйлестірген жобаны қала әкімдігі қолдаған.