12 қаз, 2024 сағат 14:02

Алматыда Жүргенов академиясы студенттерінің «Тұлғалар ізімен» көрмесі өтеді

Фото: Жүргенов академиясы

Ә. Кастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Тұлғалардың ізімен» атты көрмесі ашылды. Шара Республика күніне орайластырылып, өнерсүйер қауымды еліміздің жас суретшілерімен таныстырады, деп хабарлайды Ult.kz

Көрмеге академияның «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультеті студенттерінің 50-ден астам шығармасы қойылды. Экспозицияға монументалды кескіндеме, баспа графикасы, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер сияқты жанрлар кіреді. Көрермендер қазақ мифологиясы мен дала тарихына негізделген туындыларды тамашалай алады.

Фото: Жүргенов академиясы. Арман Жүдебаев

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев көрменің неліктен "Тұлғалардың ізімен" деп аталғанын түсіндірді және студенттердің жұмыстары Қастеев музейіне қойылуын зор жетістік деп атап өтті.

"Бұл көрме тек студенттеріміздің таланттары мен шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның бейнелеу өнерінің көрнекті шеберлері салған дәстүрлердің жалғасы болып табылады. Қанафия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Хакимжан Наурызбаев, Ескен Сергебаев, Дәркембай Шоқпаров сынды тұлғалар ұлттық кескіндеме, мүсін, сәндік қолданбалы өнер және графика мектебіміздің негізін қалады, ал бүгін олардың мұрасы осы көрмеде ұсынылған әр туындыда өмір сүруде. Әсіресе, біздің студенттеріміздің жұмыстары Кастеев музейінде – Қазақстан өнерінің символына айналған орында ұсынылғаны өте қуантады. Бұл оқиға жас суретшілерге жаңа көкжиектер ашады, біз бүгін мақтанышпен ұсынып отырған дипломдық және оқу жұмыстары – олардың шығармашылық ізденістерінің нәтижесі. Әрбір экспонат – кәсіби шеберлікке ұмтылудағы қадам, студенттердің өздерінің шығармашылық идеяларын білдіруі мен халқымыздың мәдени мұрасын зерттеу мүмкіндігі", - деді ол.


Фото: Жүргенов академиясы. Бауыржан Байділда

Академия деканы Бауыржан Байділда факультет қызметінің жетістіктерімен бөлісіп, жас суретшілердің шығармашылық шеберлігін арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды ерекше атап өтті.

"Бұл көрменің ерекшелігі – "Тұлғалардың ізімен" деген тақырыбынан-ақ көрініп тұр. Көрмеден халық суретшілері – Қ.Телжанов, М.Кенбаев, Х.Наурызбаев, К.Шаяхметов, Е.Сергебаев, Д.Сүлеев, Б.Түлкиев, Д.Шоқпаров қалыптастырған мектепті, солардың еңбегін, жемісін көресіздер. Қазір осы мұражайда тұрған туындылардың авторларының көбі халықаралық дәрежедегі үлкен суретшілер. Солардың бәрі осы мектепті бітірді десек қателеспейміз. Мұндай өнерді біз көрермендерге көрсетуіміз керек. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай. Көбісі студенттердің деңгейін төмен көреді. Алайда бүгінгі көрмеден олардың потенциалдарын көре аласыздар. Қазір жастар басқаша. Әр заманның өзінің адамы бар. Мен әрдайым шәкірттеріме айтатыным, әр адамға Құдай жеке-дара қабілет берді. Сол қабілетті ашу – біздің басты парызымыз", – деді Бауыржан Нұрбекұлы.


Фото: Жүргенов академиясы

Экспозицияда ежелгі қазақ мифологиясына, халық ертегілері мен аңыздарынан, сондай-ақ дала халықтарының тарихынан алынған бейнелерге байланысты бірқатар туындылар көрсетілді. 

Фото: Жүргенов академиясы

Көрме Алматы қаласындағы өнерсүйер қауым үшін 2024 жылдың басты мәдени оқиғаларының біріне айналмақ.

Дайындаған: Анара Бауыржанқызы