Алматы полициясы адамдар көшеде есінен танып, құлап жатқаны туралы видеоларға түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полиция департаментінің мәліметінше, олардың ешқайсысы шындыққа жанаспайды.
«Шындығында, мынадай фактілер болды. Бірінші оқиға - Гоголь мен Мұратбаев көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншіні көлік қақты. Троллейбус қаққан әйел ауыр жарақат алды. Іс бойынша тергеу басталды, сараптама тағайындалды. Екінші эпизодта - «102» нөміріне мас адам жолдың бойында жатқандығы туралы қоңырау келіп түсті. Учаскелік инспектор ақпаратты растады. Ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Үшінші жағдайда автобустардың бірінде жолаушының жағдайы күрт нашарлаған (эпилепсиялық талу). Қасындағылар оны көшеге шығарып, «жедел жәрдем» шақырды. Сондықтан, қалада адамдар жаппай есінен танып жатқаны туралы ақпараттар – жалған», - деді ведомстводан.
Сонымен бірге, полиция біле тұра жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы еске салып, төтенше жағдай кезінде бұл әрекеттер үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе шектеуге әкеп соқтыратынын айтты.
«Біз азаматтарды жалған, расталмаған ақпаратты шындық ретінде беріп, қоғамда негізсіз дүрбелең тудырудан аулақ болуға шақырамыз. Бұл - қылмыс және сол үшін жазаға тартылады. Әдетте, дерек көзі белгісіз ақпаратқа үлкен күмәнмен қарау керек», - деді Полиция департаментінен.