Жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның кепілдігі немесе жартылай кепілдігі арқылы 12 ай мерзімге жылына 2%-бен 10 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматыны одан әрі дамуы жөніндегі қалалық актив отырысында қала әкімі бүлік кезінде зардап шеккен бизнес өкілдерін қолдау үшін қалалық «Алматы бизнес-2025» бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілетінін жеткізді.
«Зардап шеккен шағын және орта бизнес субектілерін қолдау мақсатында 2%-ы кредит тағайындалады. Шекті сомасы 10 млн теңгеге дейінгі кредиттің мерзімі 12 ай. Сондай-ақ Infokazakhstan.kz порталына жүгінген кәсіпкерлердің кредиті мен өсімпұлы 180 күнге дейін шегеріледі. Бүкіл кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жарты жылға дейін кредит берудің жоғары шегі сақталады. Оған қоса кепілсіз кредиттің жылдық мөлшерлемесі төмендейді, яғни 12 пайыздан 9%-ға дейін»,- деді Бақытжан Сағынтаев.