Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне алғашқы өтемақы төлеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өңірлік комиссия шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген залал сомасын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Бүгін алғашқы екі кәсіпкерге тәртіпсіздік кезінде келтірілген залал үшін өтемақы төленді.
Александр Ткаченко «Мобилка» сауда үйінде ұялы телефондар сататын. Оның бутигі жаппай тәртіпсіздік кезінде тоналды. Нәтижесінде кәсіпкер 3,2 млн теңге шығынға ұшырады. Жеке кәсіпкер барлық қажетті құжаттарды рәсімдегеннен кейін, оған толық көлемде қаражат аударылды.
Екінші кәсіпкер, Әркенжан Мырзабаев «Азия парк» СОСО және «Максима» СОСО 2 бутикті жалға алып, балалар киімін сатумен айналысқан. Тәртіпсіздіктің салдарынан оның бизнесіне 1,8 млн теңге залал келтірілді. Оның да есеп шотына тиісті қаражат аударылды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Алматыда тәртіпсіздік пен тонау салдарынан 1581 кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен. Шығын сомасы 45,6 млрд теңге. Залал сомасын айқындау жөніндегі өңірлік комиссия зардап шеккен объектілер бойынша, оның ішінде жергілікті жерлерге шыға отырып, деректерді жинауды жалғастырады.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес қала ШОБ-ке бірнеше бағыт бойынша қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетеді. Осылайша, зардап шеккен бизнес субъектілері жылу, газ, сумен жабдықтау және кәріз бойынша 3 айға коммуналдық шығындардан босатылады.
Сонымен қатар, қала меншігіндегі үй-жайларды жалға алатын кәсіпкерлер 6 айға жалгерлік төлемнен босатылады.
Қосымша Almaty Business-2025 қалалық бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге айналым қаржысын толықтыруға 10 млн теңгеге дейін жылдық 2%-бен 12 айға кепілмен немесе «Алматы» ӘКК ішінара кепілдігімен төмендетілген несие беріледі.
Сонымен қатар, зардап шеккен кәсіпкерлерге негізгі қарызды өтеу мерзімін кейінге шегеріп, «Алматы финанс» ЖШС мен микроқаржы ұйымдарында 180 күнге дейінгі мерзімге айыппұлдар мен өсімпұлдардан босатады. Несиелеудің ең ұзақ мерзімі жарты жылға, қолданыстағы 7 жылдан 7,5 жылға дейін ұлғайтылды, кепілсіз несиелеу бойынша мөлшерлемелер жылдық 12%-дан 9%-ға дейін төмендетілді.