Танымал оператор және продюсер Азамат Дулатовтың басы дауға қалды. Ол балаларға арналған ойын-сауық орталығында қызметкерді ұрып жіберген. Бұл мәселеге қатысты Алматы полициясы өкілдері пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Видеоны журналист Михаил Козачков Telegram-арнасына жүктеді.
"Сол жақтағы ер адам - оператор және продюсер Азамат Дулатов. Кеше Дулатов мырза Алматыдағы балаларға арналған ойын-сауық орталығында шу шығарды. Бастапқыда оның әйелі сөзге келіспей, артынша ол Азаматты шақырған. Видеода Дулатов бірінші болып әкімшіні ұрып жібергенін, Каспи терминалын лақтырып, кейін әйелінің артына кеткенін көруге болады. Оператор бүгінде камера тек кино мамандарында емес, барлық жерде барын ұмытып кеткен болуы керек", - дейді журналист.
Осылайша, оператор мен әкімші төбелесіп қалған.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәліметінше, бұл деректі Бостандық аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімі тексеріп жатыр.
"Екі тарап та полицияға арызбен жүгінді. Ойын-сауық орталығы қызметкерінің алған дене жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Материал ҚР ӘҚбК-нің 73-1 бабы бойынша тіркелді", - деді полиция өкілдері.
Айта кетейік, Азамат Дулатов "Келинка Сабина", "Құдалар", "Побег из аула" секілді фильмдерді түсірген.