17 мау, 2022 сағат 14:52

Алматыда рұқсат етілмеген митингке қатысқан экобелсенді қамауға алынды


Алматы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мамандандырылған ауданаралық соты белсенді Салтанат Тәшімованы рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

6 маусым күні Алматы қаласының әкімшілік сотына митингке заңсыз қатысу фактісі бойынша Салтанат Тәшімоваға қатысты материал түсті (ӘҚБтК-нің 488-бабының 6-бөлігі). 

Салтанат Тәшімоваға Бостандық ауданындағы «Минина» скверінде бірқатар тұрғын үй кешенінің тұрғындарымен бірге 9 сәуірде билікпен келісілмеген митингіге қатысты деген айып тағылды. 

Митинг кезінде тұрғындар саябақ маңында 12 қабатты тұрғын үйдің салынбауын талап еткен. 

Прокурор соттан Салтанат Тәшімованы ӘҚБтК-нің 488-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолдануды сұрады. 

«15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды тағайындау бөлігінде, әкімшілік жазаның түрі мен мөлшерін анықтау кезінде сот құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушылықты қасақана жасау фактісін ескергенін атап өткен жөн. Құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің құқық бұзушылықты тоқтату туралы талаппен заңды түсіндірулеріне қарамастан, құқыққа қайшы мінез-құлықтың жалғасуы анықталды», - деп хабарлады Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан. 

Айта кетейік, сот отырысында экобелсенді Салтанат Тәшімова өз кінәсін мойындаған жоқ. 

«Қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Сот шешіміне қатысты апелляциялық сотқа шағым түсіруге құқылы», - деп атап өтті ведомствадан.