сурет ашық дереккөзден алынды
Алматыда өрттен кейін далада қалған көпқабатты үйдің тұрғындары наразылық білдірді. Олар әкімдіктің мектепте ұйымдастырған уақытша орталығына жатқысы келмейді. Ал қонақүй немесе аяқасты пәтер жалдау құны тым қымбат. "Жергілікті билік ұсынған қаржы оның біріне де жетпейді" деп назын айтты тұрғындар. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
"Біз мынадай проблемамен кездесіп тұрмыз. Олар "ресми жалға берілетін пәтер табыңдар" дейді. Бүгін ондай болмаса деп талап қойдық. Себебі, өздеріңіз білетіндей, ресми түрде жалға беретіндер аз. Мектепте сабақ басталайын деп жатыр. Бәрі оны біліп тұр. Содан кейін бағаны да жоғары сұрап отыр. Екі-үш айға ешкім бергісі келмейді. Сол жағы бізге проблема" - дейді өрт шыққан үйдің тұрғыны Мирас Игібаев.
Қызыл жалынның құрсауында қалған 16 қабатты үйде 96 отбасы тұрған. Жартысынан көбі - мемлекеттік бағдарламамен жалға алынған баспана.
Бүгін оқиға орнына келген аудан әкімі жаңа ұсыныс жасады: пәтерді әр отбасы өзі табуға тиіс. Тек бір бөлмелі баспана – 200 мың, екі бөлмелі – 300 мың, үш бөлмелі пәтер – 400 мың теңгеден аспауы қажет және бәрі ресми болуы міндеттелген. Яғни әр тұрғын өзі жалдап тұратын үй иесімен жасасқан келісім құжаты мен баспананың мекенжайын көрсетуі керек.
Көмек екі айға қарастырылған. Өйткені өрт шыққан үйдегі қайта қалпына келтіру жұмысы сол аралықта аяқталмақ. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін электр желісі түгел ауыстырылып, пәтерлер тазартылады. Ал тұрғындар өз үйіне қыркүйектің соңына қарай орала алады. Оған дейін дүние-мүліктің сақтығы да бақылауда болады деп отыр аудан әкімі.
"Депозит - ол әркімнің өзінің мүлікке деген жауапкершілігі. Сондықтан депозитті өзі төлеуге міндетті. Өйткені мемлекет депозитті төлей алмайды. Бұл - бірінші сұрақ. Алаңдатып тұрған екінші сұрақ, "басқа ықшамауданға кетіп жатсақ, балалардың мектепке орналасуы, балалардың балабақшаға орналасуы" деген сұрақтар туындап отыр. Ол сұрақтарға біз әкімшілік ретінде көмек береміз", - дейді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
видео: Жаңалықтар - Новости // КТК, Youtube