18 ақп, 2025 сағат 15:27

Алматыда «Күй төресі Қазанғап» атты домбырашылар байқауы басталды


Фото: Көкіл мектебінің баспасөз қызметінен

Алматыда күйші композитор Қазанғап Тілепбергенұлының бай музыкалық мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында, тұңғыш рет «Күй төресі Қазанғап» атты домбырашылар байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясының 80 жылдығы және күйші-композитор Қазанғаптың 170 жылдық мерейтойына арналған I-қалалық домбырашылар байқауын Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық Консерваториясы, Домбыра кафедрасы және «Көкіл» мектеп-колледжі ұйымдастырған.

Соңғы зерттеулердің нәтижесінде Қазанғаптың бұрын соңды орындалмаған көптеген күйлері нотаға түсіп, күйшілердің репертуарларынан орын алып жүр. Қазіргі танда Қазанғаптың 79 күйі хатталып, музыкалық оқу орындарында репертуар ретінде ұсынылып отыр.

«Алматы жұртшылығы үшін, Алматы қаласы үшін бүгін үлкен оқиға. Алдматыда тұңғыш рет бірінші қалалық Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы домбырашылар сайысы ұйымдастырылып жатыр. Іш-шараның басты мақсаты, соңғы кезде біз қазанғаптың мұрасын зерттеп,  30-40 жыл бойы ел арасынан көптеген күйлерін, көптеген үнтаспаларын Маңғыстау, Ақтөбе облыстарымен қатар, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерін аралап, Қазанғаптың көзін көрген көптеген ақсақалдардың әңгімелерін, күйлерін жазып, осыдан 1-2 жыл бұрын «Күй төресі Қазанғап» атты 3 томдық күйлеріңн шығардық. Ол жерде Қазанғаптың 79 күйі нотаға түсіп, репертуарға енгізуге үлкен бір септігін тигізді. Яғни Қазанғаптың мол мұрасы жиналды деуге болады. Сол Қазанғаптың шәкірттерінің ізімен жүрдік. Әңгімелері, күйлердің шығу тарихын бәрін тыңдадық. Оның тағдыры да қазақ тарихымен байланысты. Қазанғап дүниеге келгенде Есет Көтібарұлы бастаған бірінші ұлт-азаттық көтерілісі болған, оған арнаған Қазанғаптың 3-4 күйі бар.
Ал бүгінгі байқаудың бас жүлдесіне 600 мың теңге және әрбір кезеңге қарай 12 орын белгілеп отырмыз», – дейді «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит  Райымбергенов.


Фото: Көкіл мектебінің баспасөз қызметінен

Байқау 2 кезеңнен өтеді. Әр кезеңде Қазанғаптың бұрын соңды орындалмаған туындылары бар. Байкауда Алматы қаласының жоғары және орта музыкалық оку орындарымен коса арнайы мамандандырылған музыка мектептерінің оқушылары қатысып жатыр.

«Мен қазір Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Ұлттық концерваториясының 4 курс студентімін. Бүгінгі Қазанғап конкурсына бірінші турға Қазанғаптың «Қоңыр Ақжелең», «Дүркін-дүркін» және таңдауға берілген «Көркем Ақжелең» деген күйді ойнаймын. Қазанғаптың «Дүркін-дүркін» деген күйі шәкірті Кәдір Ержанов қойған дейді. Сөздің өзі айтып тұрғандай, қазақ халқының қиыншылық замандағы, ауыр кезеңін суреттейді. Бұл күй сөз буындарынан құрылған, дүркін-дүркін, осы күйді тыңдасаңыздар, күйдің өзі сөйлеп тұрады. Шумақтармен құрылады. Жалпы Қазанғаптың күйлері осындай философиялық, әртүрлі тарихи жағдайларға арнап шығарылған. Бүгін бірінші турда үш күй тартамыз, ертең екінші тур болады. Екінші турда «Домалатпай Ақжелең», «Бозтарғай» күйлері мен таңдауға берілген күйлерін ойнаймыз. Мен Қазанғаптың «Кәрі Ақжелең» күйін ойнайын деп жатырмын. Қазанғапта Ақжелең жанры жақсы дамыған. Ақжелең деген күй жанр. Көбінесе, әсемдік, назіктік, әйелдің бейнесін береді», – дейді  жас домбырашы Думан Хамитов.


Бірінші турға алғашқы болып қатысып үлгерген Umit Art Space Балалар шығармашылығын дамыту орталығының шәкірті Нұрдәулет Абдикадиров өз әсерімен қуана бөлісті.

«Тапсырмада берілген екі күймен қатар, таңдауға берілген «Қос қыраным» күйін ойнап шықтым. Ойнағаным, әзірге көңілімнен шықты. Бұйырса, екінші турға өтіп жатсақ, жүлделі орындардың бірінен үміткермін», – дейді Нұрдәулет Абдикадиров.


Фото: Көкіл мектебінің баспасөз қызметінен

Айта кетейік, байқау екі күнге жалғасатын болады. Ал домбырашылардың өнеріне ҚР еңбек сінірген өнер қайраткері, фольклортанушы Карима Сахарбава, ҚР мәдниет қайраткері Сағатбек Қалиев, күйші, композитор Төлепберген Тоқжанов, ҚР мәдениет саласының үздігі, күйтанушы Баян Игілік, қазанғаптанушы Асылбек Кенегесов, дәстүрлі күйші Алтынбек Үмбетов, «Көкіл» мектеп-колледжінің директоры Абдулхамит Райымбергенов қазылық етіп, бағалайды.