Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда Наурызнама онкүндігінің үшінші күні – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай қала театрларының артистері ауқымды флешмоб өткізіп, «Қара жорға» биін биледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, мерекелік перформанстың бастамашысы – Наталия Сац атындағы театр. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Флешмобқа мегаполистегі бірнеше жетекші театр ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М. Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры және республикалық академиялық неміс драма театрының актерлері бір сахнада өнер көрсетті.
Шараның ерекшелігі – флешмобқа кәсіби бишілер емес, драма театрларының актерлері қатысқан. Олар небәрі бір апта ішінде «Қара жорға» биінің қимылдарын меңгеріп, ұлттық би арқылы көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жобаға ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі арнайы хореография әзірлеп, кәсіби қолдау көрсетті. Ал Almaty TV телерадиокомпаниясы іс-шараның ақпараттық серіктесі ретінде түсірілім жұмыстарын ұйымдастырып, медиялық қолдау көрсеткен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, түрлі этностар мен шығармашылық мектептердің өкілдерін біріктірген «Қара жорға» биі достықтың, ұлттық мұраға деген құрметтің және Алматының мәдени кеңістігіндегі бірліктің символына айналды.
