20 нау, 2020 сағат 11:32

Алматыда коронавирус жұқтырған пациенттердің жағдайы жақсара бастады

Алматы қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев вирус жұқтырған 3 адам туралы онлайн брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматыда тағы 3 адам коронавирус жұқтырғаны анықталды. Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында КВИ расталған 22 пациент бар. Бүгін жатқызылған 3 адамның бірі – әйел адам шетелден келген азаматтармен байланыста болған. Құрғақ жөтел, тамақ қырылдауы, кеуде ауырып, құлақтың бітелуі сияқты симптомдар болған соң одан 18 наурызда тест алынған болатын. Бүгін тест нәтижесі расталды. Екінші пациент - Берлин-Алматы чартерлік рейсінің бортсерігі. 12 наурыздан ұшып келген күннен бастап жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде болды. Үшінші пациент - 1997 жылы туған ер адам 19 наурызда Париж-Минск-Алматы рейсімен ұшып келген. Қазір тест көрсеткіші расталған соң ол провизорлық клиникадан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды», - деді Т.Әбілдаев. 

Оның айтуынша, қазір 20 науқастың жағдайы ойдағыдай. 

«Олардың барлығының денсаулығы жақсара бастаған. Дене қызуы түсті. 2 адамның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр», - деді ол. 

Бүгінде қаланың провизорлық емханаларында 696 адам жатыр. Үй карантинінде 1108 адам оқшауланған.