Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония сахнасында халық ақыны, әнші-композитор, Жетісу ән мектебінің өкілі Кенен Әзірбаевтың 140 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті. Іс-шарада Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі өнер көрсетті, деп Ult.kz.
Концерт бағдарламасында Кенен Әзірбаевтың танымал туындылары «Қордай», «Анама», «Бозторғай» орындалып, оркестрге лайықталған шығармалары және Н.Тілендиев пен қазақстандық композиторлардың туындылары тыңдарман назарына ұсынылды. Концерт барысында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев сахнаға шығып, қазақ мәдениетінің мақтанышы Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімеледі.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Сонымен қатар, көрермендерге Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, еңбек сіңірген қайраткер Нұржан Жанпейісов, Мәдениет саласының үздігі Шолпан Даржанова, Бейбіт Мұсаев және филармония солистерінің өнері ұсынылды. Концертте оркестрді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғасбек Бегендіков дирижерлік етті, ал көркемдік жетекшісі — Дінзухра Тілендиева.
Мерекелік кешке Кенен Әзірбаевтың мұрасын жалғастырып, халық арасында насихаттап жүрген Төрткен Кененқызы бастаған ұрпақтары да қатысты.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі