Фото: ашық дереккөз
24-30 қараша аралығында Алматыда «Еуразия» халықаралық кинофестивалі өтеді. Бұл фестиваль Орталық Азиядағы ең беделді мәдени шаралардың бірі саналады. Биыл қазылар алқасының 70%-ын Түркия, Қытай, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Швеция және Марокко елдерінен келген шетелдік мамандар құрайды, деп хабарлайды Ult.kz.
Кинофестивальде әлемдік кинематографияның үздік өкілдері, режиссерлер, актерлер мен сценаристер бір алаңда бас қосып, киноиндустрияның жаңа үрдістерін талқылап, тәжірибе алмасады.
Фестивальдің басты байқауына түрік режиссері, Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» иегері Нури Бильге Джейлан төрағалық етеді. Қазылар құрамында Рано Шодиева (Өзбекстан), Нада Ажари Гиллон (Франция), Ерлан Нұрмұхамбетов (Қазақстан) және Артықпай Сүйіндіков (Қырғызстан) бар.
Орталық Азия және түркі әлемі елдері байқауын қытайлық режиссер Ли Баохуа басқарады. Қазылар алқасында марокколық Абделила Эль Джаухари, ресейлік Алексей Тельнов және қазақстандық продюсер Жанна Қуанышева бар. Сондай-ақ, Азия киносына ерекше көзқараспен қарайтын NETPAC қазылар тобы фестивальге қатысып, арнайы марапаттар ұсынады.
Фестивальдің жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгеден асады. Бас жүлде иесі 4 миллион теңге алады. Бұл кино саласының отандық және шетелдік өкілдерін жаңа жобаларға шабыттандыратыны сөзсіз.
Көрсетілімдер Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында 25-30 қараша аралығында өтеді. Ең бастысы – фестивальдің барлық шаралары мен фильм көрсетілімдері көрермендерге тегін ұсынылады.
Фестивальді ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ал шараның негізгі үйлестірушісі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы. Мәдени шараға KAZ Minerals, Sarens Kazakhstan, Salem Entertainment, Kinopark Theatres, Eurasian Resources Group (ERG) және Astana Motors компаниялары демеушілік етеді.
«Еуразия» кинофестивалі – кино әлемін біріктіріп, заманауи кинематографияның даму бағытын анықтайтын ерекше алаң. Алматы тұрғындары мен қонақтары фестиваль арқылы әлемдік деңгейдегі кино туындылармен танысуға мүмкіндік алады.
Оқи отырыңыз: 60 фильм, 3 талап: Айбарша Бөжеева фестивальдік кино қалай іріктелетінін айтты