21 қаз, 2024 сағат 11:52

Алматыда дәстүрлі ауған өнімдерінің көрмесі басталды

Сурет: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Атакент-Экспо көрме орталығында қолдан тоқылған кілемдер, жемістер мен көкөністер, жаңғақтар, шафран шайы, антиквариат, құрылыс материалдары, асыл тастар, кондитерлік өнімдер сияқты дәстүрлі ауған өнімдері таныстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл іс-шара Қазақстанда өткізілген ауған өнімдерінің екінші көрмесі болып табылады. Оны Сауда және интеграция министрлігі мен Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырды.

Ашылу салтанатына вице-премьер Серік Жұманғарин және Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи қатысты.

2023 жылы Астанада өткен көрмемен салыстырғанда, Алматыдағы көрменің ауқымы екі есе кеңейген. Атакент-Экспо кешенінің 1024 шаршы метрлік алаңында 80-нен астам ауған компаниялары мен 150-ден астам бизнес өкілдері өз тауарларын ұсынды. Сондай-ақ көрмеге ауғандық The First Microfinance Bank, Islamic Bank of Afghanistan, Ghazanfar Bank өкілдері қатысты.

"Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырады. Екі ел арасындағы сауда байланыстары ғаламдық дағдарыстарға қарамастан тұрақты дамуда. Қазақстан тек өз өнімін ауған нарығына шығарып қана қоймай, ауған тауарларының қазақстандық нарыққа енуіне де жағдай жасап келеді", - деп атап өтті вице-премьер Серік Жұманғарин.


Сурет: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

«Haidar Rafat LTD» компаниясының иесі Абдул Басир Қазақстанға алғаш рет келіп, көрмеге ұлттық әшекей бұйымдары мен антиквариат коллекциясын әкелгенін айтты. Оның сөзінше, ең көне экспонаттардың бірі антиквариаттың халықаралық сертификатына ие болған.

Сонымен қатар, Фереба Насери, Ауғанстан Іскер әйелдер қауымдастығының басшысы, табиғи шикізаттан жасалған қолөнер бұйымдарын таныстырды. Алматыдағы көрмеге 12 шебер әйел қатысып, олардың жұмыстары халықаралық деңгейде, Германия, Франция және Америкада үлкен сұранысқа ие екенін айтты. Фереба Насери жергілікті кәсіпкер әйелдермен байланыс орнатып, одан әрі ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.

Алматыдағы дәстүрлі ауған өнімдерінің көрмесі 2024 жылдың 20-22 қазан аралығында өтеді. 22 қазанда қазақстан-ауған бизнес-форумы ұйымдастырылып, онда B2B кездесулер арқылы жаңа серіктестік мүмкіндіктері талқыланатын болады.