17 мау, 2024 сағат 16:38

Алматыда бір әнді бірнеше әншіге сатты деген күдікпен ер адам ұсталды


Алматы полициясы бір әнді бірнеше әншіге сатты деген күдікпен ер адамды ұстады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды. 

Бостандық аудандық ПБ-ға қарасты полиция бөлімі ақпаратынша, 30 жастағы ер адам ұжымдық арызбен жүгінген бірқатар музыканттарға қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

"Азаматтардың арызынан белгілі болғандай, 30 жастағы Ы. есімді азамат, өзін композитормын деп таныстырып, бөтен адамның туындысын бірден бірнеше орындаушыға сатып жіберген. Күдікті ұсталды. Оның әрекеті ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігімен квалификацияланған. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда", - деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.


Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандық бір топ әнші жалған композиторға алдандық деп мәлімдеген еді. Зардап шегушілер сол кезде шығын көлемі 10 миллион теңгеден асуы мүмкін деген болатын.