11 қыр, 2023 сағат 12:04

Бақытжан Базарбектің баласының арбасын өртеген ер адам ұсталды

Сурет: Polisia.kz

Алматыда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пәтерінің алдында тұрған бүлдіршіннің бесік арбасын өртеп жіберген қаскөй ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Б. есімді азаматты ұстаған.

"Аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда" - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұл жағдай туралы заңгер Facebook-парақшасында бөліскен еді. 

"Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоққыға ұқсайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын пәтерімнің есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесің! Не болса да, тергеу қорытындысын күтейік", - деп жазды Базарбек.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша 2 000 айлық есептiк көрсеткiшке (6 900 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жүмыстары немесе 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар, я болмаса, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал адамдар тобымен жасалған әрекет үшін жаза бұдан да қатаң болады.