24 сәу, 2023 сағат 16:07

Алматыда бір топ жігіт автобус жүргізушісіне пышақпен шабуыл жасамақ болған


Алматыда жол бойындағы жанжал видеоға түсіп қалды.

"Жолаушылардың сөзінше, №50 автобус жүргізушісіне жеңіл көлікте отырған бір топ жігіт пышақпен шабуыл жасаған. Ал жүргізуші бұзақылар кеткенше адам толы автобустың есігін жауып тастаған", - делінген EGOV.PRESS Telegram-арнасына жарилянанған видео сипаттамасында.

Алматы полиция департаменті оқиғаның 21 сәуірде Райымбек даңғылында болғанын мәлімдеді.

"Қоғамдық көлік жүргізушісімен жанжалдасып қалған ВАЗ көлігінің жүргізушісі ұсталды. Ол - 2004 жылы туған Ж. есімді Жамбыл облысының тұрғыны.

Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 293-бабы ("бұзақылық") бойынша тіркелді. 

Қылмыстық іс бойынша өндіріс Жетісу аудандық ПБ-мен жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды", - делінген хабарламада.