11 там, 2021 сағат 19:54

Алматыда ақша жымқырған техникалық қадағалау мамандары сотталды


Алматыда ақша жымқырған техникалық қадағалау мамандары 7 жылға сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматылық прокурорлар «Әйгерім-1,2» шағын аудандарының сумен жабдықтау және кәріз желілерінің құрылысын, сондай-ақ «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніне арналған суқұбыр желілері мен құрылыстарын қайта жаңарту жұмыстарын зерттеді.

«Бұл жұмыстарды Энергетика басқармасының тапсырысы бойынша «К» ЖШС мен «Ж» ЖШС 2018 жылдың қаңтар айында 760 млн теңгеге орындауға тиіс болатын. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалуын бақылау екі адамға жүктелген. Прокурорлар қажетті өлшеулерді жүргізе отырып, құны 225,5 млн теңге болатын жұмыстардың орындалмағанын, ақшаның ұрланғанын, ал нысандардың жұмыс істемейтінін анықтады», - деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.

Атап айтқанда, қарастырылған екі резервуардың орнына біреуі салынған, учаскенің аумағы абаттандырылмаған, арнайы сорғылар болмаған.

Осыған қарамастан нысандар пайдалануға беріліп, шарт бойынша ақшалай қаражат толық көлемде төленген.

Бұл техникалық қадағалау мамандарының көмегімен жүзеге асқан. Нәтижесінде 10 адам, соның ішінде аталған мамандар, құрылыс компанияларының басшылары және Энергетика басқармасының бірқатар лауазымды тұлғасы сотқа тартылды.

Мемлекетке келтірілген жалпы шығын - 225,5 млн теңге.

Прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық іс қозғалып, оны тергеумен Алматы қаласының арнайы прокурорлары айналысты.

«Сот үкімімен техникалық қадағалаудың 2 өкілі және қылмысқа қатысы бар жоғарыда аталған 8 адам 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот процесі барысында сотталушылар мемлекет кірісіне 93,4 млн теңге төледі, залалдың қалған сомасы үкімді орындау аясында өндіріп алуға жатады»,- делінген хабарламада.

Жалпы дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру аясында бөлінген бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру 1 млрд теңгеден астам соманың жымқырылғанын анықтады, 18 іс қозғалды, 4-уі бойынша үкім шығарылды, қалғандары сотта қаралып жатыр.