Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен ШОБ субъектілеріне келтірілген шығындарды өтеу үшін аймақтық комиссияның кезекті отырысында 337,4 млн теңге сомасына 204 өтінім мақұлданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оның ішінде 208,3 млн теңге сомасына 111 өтінім «Жаңа Алатау» қайырымдылық қоры арқылы жіберілді; 93 кәсіпкерге 129,1 млн теңге сомасында өтемақы бюджеттен төленетін болады (айналым бойынша ресми деректерге сәйкес, есеп айырысудың оңайлатылған формуласы бойынша мәлімделген шығынның толық сомасына). Ал, комиссия жұмысы басталғаннан бері барлығы 370,3 млн. теңге сомасына 221 өтінім мақұлданды.
Комиссия жұмысы жалғасуда. Кәсіпкерлердің өтінімдері ұсынылған құжаттардың толықтығына орай мұқият зерделенеді және комиссия мүшелерінің ашық дауыс берулері арқылы қаралады.
«Бұрындары аймақтық комиссия шығынды өтеу тетігіндегі кемшіліктерді анықтап, оны жақсарту сипатында өз ұсынысын енгізген болатын. Осылайша, төлемдердің шекті сомасы 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген тетік бойынша залалды өтеу тетігі көзделген. Бұл зардап шеккен бизнес субъектілерін қамтуды едәуір кеңейтуге және өтемақы төлеуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет қаражатымен қатар қорлардың жеке қаржысынан төлемдер қарастырылған. Өтемақы төлеу тетігін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасуда», - деп мәлім етті әкімдіктен.