Алматыда 11 жастағы баладан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың расталған 73 жағдайы тіркелді, оның жетеуі жазылған. Нәтижесінде бүгінгі күні қалалық жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-дан ем алып жатқан 66 пациент бар», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында.
Оның айтуынша, жаңадан анықталған алты адамның төртеуі байланыста болғандар, бір пациент 19 наурызда Минск-Алматы рейсімен және тағы біреуі осы күні Ыстанбұл-Алматы рейсімен ұшып келді.
«Емдеуге жатқызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар, қазір ол қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге жатыр. Қазіргі кезде ауырып жатқандардың жағдайы жақсырап келеді, 58 науқаста – қанағаттанарлық, 1 ересек науқаста – ауыр, 6 ересек адамда орташа ауырлықта және 1 балада орташа ауырлықта», - дейді Тілеухан Әбілдаев.
Провизорлық орталықтарда 1 046 адам бар, оның ішінде 102-сі – бала. Алматыдағы провизорлық орталықтар көбейіп, алтау болды. Бұған дейін 4 орталық болған еді.
Карантиндік оқшаулау үшін 3 шипажай және бір жатақхана бөлінді.
Бүгінгі күні 419 азамат карантинге оқшауланған. Бұл - шетелден келгендер. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылуда. Келгеннен кейін олардан COVID-19-ға талдау алынады. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйіне жіберіледі.