04 мау, 2021 сағат 21:21

Алматы жолындағы жанжал атыспен аяқталды


Түрксіб ауданында жолда екі ер адам арасында жанжал шығып, біреуі бұрышпен оқталған сигналдық тапаншаны қолданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, «BMW» көлігінің жүргізушісі мен «Hyundai» автокөлігінің жолаушысы арасындағы жанжал Бекмаханов-Спасская көшелерінің қиылысында болды. 

«Жанжал кезінде «BMW» жүргізушісі тапаншаны алып, қарсыласына оқ атты. Мейлі, ол бұрышпен оқталған болса да, оқ атқан адамның әрекеті бұзақылық деп есептеледі. Яғни, ҚР ҚК-нің 293-бабы, 3-бөлігі, 2-тармағына жатады. Мұндай әрекет үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының өкілі Мақсат Қанапьяев. 

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол - 1993 жылы туған Б. есімді азамат. 

Сигналдық тапанша тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына енгізілді.