ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Алматы тауларында қаза тапқан ер адамды құтқаруға неліктен авиация көмекке келмегенін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«БАҚ-тағы мәліметтер, әсіресе, блогерлердің оны көргендігі, ешкім құтқармағандығы туралы теріс ақпараттар жазып жатыр. Республикалық құтқару отряды мен Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметі жедел тобы іздеу жұмыстарын күні-түні тоқтатқан емес. Геолокация бойынша соңғы табылған адам кейіннен ұялы телефон геолокациясынан 1 шақырым жерде анықталды. Дыбыс берді, айқайлады, ол да естіді, құтқарушыларымыз да естіді деген нақтыланған еш ақпарат жоқ», - деді Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ер адам өте ауыр жағдайда, аяғын үсік шалған күйде табылған.
«Аталған азаматты тез арада медициналық мекемеге жеткізуді бастадық, түн болып кетті. Неліктен авиатехника қолданылмады? Іздеу жұмыстары жүргізілген екі күн бойы тікұшақты әуеге көтеруге тырыстық. Қазгидромет бізге метеоахуал туралы мәлімет береді. Біз Қазақстанның бүкіл аумағына ортақ авиациялық қауіпсіздік ережелеріне бағынамыз. Қазавианавигация құтқару жұмыстары үшін Қазавиақұтқару бөлімшелерінің ұшуына рұқсат берген жоқ. Дегенмен, іздеу жүргізілген ауданда аспан біршама ашық болды. Алайда, тікұшақ ұшуы Азаматтық авиация комитетінің Алматы қаласындағы бөлімшесі рұқсатымен жүзеге асырылады», - деп түсіндірді министр.