Фотоколлаж: Tengrinews.kz
Іле Алатауы тауларындағы Аюсай шатқалында аустралиялық туристің денесі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Республикалық жедел-құтқару жасағының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 21 мамырда 1995 жылы туған Австралия азаматы Үлкен Алматы шатқалына қарай кеткен. Бұл туралы Полиция департаментіне ер адаммен бір жатақханада тұрған Ресей азаматы хабарлаған. Жоғалған адамды соңғы рет әйел әріптесі көрген. Сондай-ақ, ол екеуінің Алматыға 20 мамыр күні кешке туризм мақсатында келгендерін айтқан. Таңғы сағат 7-де туристер ұшып кетуі керек болған. Әріптесі оны қала әуежайына өзі барады деп ойлап, жалғыз кеткен.
Туристті іздеуге 6 адамнан тұратын Республикалық жедел-құтқару жасағының жедел құтқару тобы және 1 кинологиялық есептоп жіберілген. Түнгі 23:40-та (22-нен 23-іне қараған түні) олар іздеу жұмыстарына кіріседі.
02:40-та РЖҚЖ қызметкерлері мен Полиция департаментінің қызметкерлері ғарыш станциясына көтеріліп, беткейлерді тексерген. Кейін төмен түсіп, құбырдың оң және сол жағын шолып шыққан. Дегенмен жоғалған адам көлдің оң жағынан табылмайды. Сондай-ақ, Үлкен Алматы көлінде түнде ауа-райы қолайсыз болып, жаңбыр, қар жауып, қатты жел соғып тұрған.
"Сағат 10:45-те Үлкен Алматы өзеніне құтқарушылардың тағы бір тобы - бір техника мен 10 адам қайта ауысуға келіп, 11:15-те ғарыш станциясынан іздеуді жалғастырды. Құтқарушылар екі топқа бөлінді: біреуі - Аюсай шатқалына, екіншісі Проходное шатқалына іздеуге шықты. Іздеу күні бойы қар, жаңбыр, тұман сияқты қолайсыз ауа-райы жағдайында жүргізілді.
15:48-де ТЖМ РЖҚЖ құтқару бөлімшесінің басшысы Арыстанбаев Бауыржан спутниктік байланыс бойынша РЖҚЖ құтқарушылары Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің құтқарушыларымен бірлесіп, Аюсай шатқалындағы бірінші сарқыраманың жанынан жоғалған адамның денесін тапқандығы туралы ақпарат берді" - делінген хабарламада.