29 ақп, 2024 сағат 14:58

Алматы полициясы мектеп оқушысының зорлануына қатысты істі тоқтатты

Сурет: Gov.kz

Алматы полициясы қаладағы халықаралық мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысы зорланды деген күдікпен қозғалған қылмыстық істі тоқтатты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған факті бойынша қылмыстық істі тергеу қылмыс құрамның болмауына байланысты тоқтатылды.

"Зорлау фактісі сараптамалар мен мамандардың зерттеулерімен расталған жоқ. Қалалық прокуратура тергеу шешімімен келісті", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Былтыр қазан айында Алматы тұрғыны 1-сыныптағы баласының зорланғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын. 

Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков аталған дерек Бостандық ауданы полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 121-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелгенін және бірқатар сараптама тағайындалғанын айтқан еді. 

Кейін 7 жасар баланың анасы сараптама қортындысымен келіспейтінін жеткізіп, тағы бір мәлімдеме жасады. Ол еліміздің Ішкі істер министрі мен Бас прокурорына жүгінді.