20 мам, 2021 сағат 22:32

Алматы облысында жүргізуші көлікпен адамды қасақана басып өлтірген


Алматы облысында жүргізуші жаяу жүргіншіні қасақана түрде көлігімен басып, қашып кеткен. Зардап шеккен тұрғын оқиға орнында көз жұмған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 19 мамыр күні сағат 19:00 шамасында Қарасай ауданының полиция басқармасына хабарлама түскен. Яғни, Қаскелең қаласында 50 жастағы жергілікті тұрғын мен белгісіз азаматтың арасында кикілжің туындап, көлік иесі қасақана түрде жергілікті тұрғынды көлігімен басып, қашып кеткендігі жөнінде айтылған. Аталған факті ҚР ҚК 99-бабы яғни, «Адам өлтіру» бойынша тіркеліп, тәртіп сақшылары оқиға орнына барған. 

«Куәгерлердің айтуы бойынша, көліктің маркасы мен бағыт алған мекенжайы анықталған. Іздеуге кіріскен полицейлер ауылдың шетінен «Фольксваген Гольф-3» көлігін тапқан. Сол маңнан оның 61 жастағы иесі табылған. Ол Қаскелең қаласының тұрғыны болып шықты», - делінген ведомствоның хабарламасында. 

Ұсталған жүргізушінің жеңіл дәрежеде ішімдік ішкені анықталды. Ол болған оқиға бойынша кінәсін жоққа шығармады. Анықталғандай, жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы жанжал жол ережесіне байланысты туындаған. Жаяу жүргінші көліктің үстіне шығып, терезесін ұра бастаған. Сол сәтте жүргізуші көлікті қозғалтып, бірден тоқтатып, адамды жерге түсірген. Осы сәтте күдікті көлігімен қасақана түрде адамды басып, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір 61 жастағы азамат қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.