01 мау, 2021 сағат 14:33

Алматы облысында полициямен төбелескен тұрғын іздестіріліп жатыр


Алматы облысында Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының әйнегін сындырып, полициямен төбелескен ер адам сол жерден қашып кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасынан полицияға шағым түскен. Ол жерде ер адам медицина қызметкерлерін балағаттап, әйнекті сындырғандығы жөнінде арызданған. Анықталғандай жанжалды Түрген ауылының 45 жастағы тұрғыны шығарған. 

«Ол жерге барған учаскелік инспектор расымен ер азаматтың қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын анықтады. Тәртіп сақшысы ер адамды сабырға шақырған. Бірақ талапқа бағынбаған ол полицейдің бетінен ұрған. Ал далада сол әрекеттерін қайталап, тағы да соққы жасаған. Артынша қашып кеткен. Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды. Қазір күдіктіні ұстау жұмыстары жүріп жатыр», - делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, күдіктінің үстінен 293-бап яғни, бұзақылықпен қоса, 380-бап яғни, билік өкіліне қатысты күш қолдану бабы бойынша қылмыстық өндіріс қозғалды.