Алматы - Нұр-Сұлтан рейсі ұшағында жолаушы жанжал шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
FlyArystan баспасөз қызметі оқиғаның 30 мамырда болғанын хабарлады.
«Жанжал шығарған жолаушыны ұшақтан шығаруға байланысты рейс кешікті. Жолаушыға тіркеу кезінде және бортқа отырғызу рәсімі кезінде жүгін тіркемесе, рейске жіберілмейтіні туралы екі мәрте ескертілді. Өйткені тасымалдау ережелеріне сәйкес бортқа бір қол жүгі бар жолаушылар ғана жіберіледі» деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.
Ондағылардың айтуынша, аталған жолаушы авиакомпания қызметкерлері талабын орындамаған. Жолаушы ашу-ызасын көрсетіп, қызметкерді итеріп, бортқа кіреді.
«Басқа жолаушыларға қолайсыздық туғызғаны өкінішті. Алайда авиакомпания ережелерін сақтамаған жағдайда біз авиациялық қауіпсіздік рәсімдерін ұстануға мәжбүрміз. Жолаушыны борттан шығарған кезде біз әуе кемесі мен жолаушыларды қайта тексеруге тиіспіз», - деп түсіндірді FlyArystan баспасөз қызметі.