Ресейде әскери мобилизация басталғалы Алматыға 5066 Ресей азаматы кіріп, кейін 4172-сі кетіп қалған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Алматы қаласының әкімдігі Ресей Федерациясы азаматтарының келуіне қатысты арнайы жоспар дайындағанын мәлім етті.
«22-27 қыркүйек аралығында Алматы қаласына 5 066 РФ азаматы келіп, оның 4 172 қайта шығып кеткен. Ал қалған 894 ресейлік қала аумағында қалды. Бұл - біздің қала үшін үлкен көрсеткіш емес. Алматының барлық қызметтері түгел қажетті жұмысты орындауға дайын. Мемлекеттік органдар заңға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес барлық қажетті көмекті көрсетеді. Яғни, ешқандай артықшылық болмайды», - деді Арман Қырықбаев.
Сондай-ақ ол барлық мемлекеттік мекемелер, әсіресе көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеп, жағдайды бақылауда ұстап отырғанын баса айтты. Арман Қырықбаев қажет болған жағдайда 2 мыңға жуық төсек орын дайындалатынын тілге тиек етті.
Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауының тәулік бойы тегін колл-орталығы жұмыс істейді. Барлық өзекті сұрақтар бойынша 1308 (мобильді қазақстандық ұялы байланыс операторының қоңырауы, тек Алматы қаласында ғана қолжетімді) және +7 727 338 33 88 (қалалық телефоннан қоңырау) телефондарына хабарласуға болады.
Бұдан басқа көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері, шетел азаматтарының Алматы қаласының аумағында болу ережелері бойынша жедел желі ұйымдастырылды: +7 727 254-43-17, +7 727 254-46-97.