09 ақп, 2022 сағат 17:20

Алматы әкімінің экс-орынбасары Бабақұмаров жаңа қызметке тағайындалды


Ержан Бабақұмаров ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысының өкімі бойынша, Ержан Жалбақұлы Бабақұмаров Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалды", - делінген Жарлықта.

Сондай-ақ, Президент Өкімімен бұл қызметте болған Руслан Қанатханұлы Әлішев "Орталық коммуникациялар қызметі" республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры лауазымынан босатылды.

Бабақұмаров Ержан Жалбақұлы 1969 жылы 2 наурызда дүниеге келген. 1991 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Саяси тарих пәнінің оқытушысы. Саясаттану ғылымдарының кандидаты. ҚР Саяси ғылымдар академиясының академигі.

Еңбек жолын 1995 жылы Қазақстан даму институтының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығының директоры лауазымынан бастаған.

1996 жылы Алматы қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

1996-2006 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аға референті, кеңесші, сектор меңгерушісі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, ішкі саясат басқармасының ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі, ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

2006-2008 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт вице-министрінің міндетін атқарушы, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, жауапты хатшысы болды

2008-2012 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары.

2012-2016 жылдары - ҚР Президенті жанындағы "Орталық коммуникациялар қызметі" РМК директоры.

2016-2018 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары. 2018-2019 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының меңгерушісі.

2019 жылғы сәуір-шілде аралығында ҚР Президентінің кеңесшісі болды.

2019 жылдың шілде айынан бастап Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

"Құрмет" (2005) және "Парасат" (2017) ордендерімен марапатталған.