12 қаң, 2017 сағат 23:54

«Алмас қылыш» фильміндегі 20 тарихи қателік

Ильяс Есенберлиннің 1971 жылы жарық көрген «Алмас қылыш» атты романы кейін «Көшпенділер» трилогиясының бірінші бөлімін құраған. Ол Қазақ хандығы құрылуы туралы фильмге әдеби негіз болды. «Көшпенділер» бойынша кино түсіру талпыныстары бұдан да бұрын болған. Трилогияның «Жанталас» атты екінші бөлімі «Көшпенді» фильміне әдеби негіз болды. «Көшпенді» фильмі сапасы нашарлау өнім деп танылды, бірақ екінші тылпыныс біріншіден де сәтсіз болып шықты. Кезінде «Көшпенділер» трилогиясы Қазақстан жазушылары арасындағы «бәйгенің» басын алған болатын. Бұл трилогия Қазақстан және Қазақ ССР-інің бүкіл өмір сүру уақытындағы ең танымал әрі кең таралған туынды болуы әбден мүмкін.

Ильяс Есенберлиннің кітабын классикаға айналған сапалы туынды деуге болса (бірқатар тарихи қателеріне қарамастан), оны экранда жандандыру әрекеттері ауладағы жігіттердің Моцарт не Бетховенді ешбір аспапсыз қолда бар нәрсемен ойнау әрекеттеріне ұқсайды.

Бұл пікірімізде фильмнің көркемдік жағын емес, тарихи қателіктерін қарастырамыз. Кей тарихи сәйкессіздіктерді Асқар Құмыран Фейсбуктағы парақшасында атап өтті. Сонымен қатар, кей тарихшылар да фильмнің шынайылығына қатысты өз пікірлерін айтты.

Дегенмен, біздің ойымызша, фильмнің ең маңызды тарихи қателіктерінің бір бөлігі айтылмай кеткен. Фильмде тарихи қателіктер жетерлік, бірақ біз тек оның 20-сына тоқталамыз. Кеттік:

1. Асан қайғы (қос өркешті түйедегі қария) фильмде Жәнібек пен Керейдің замандасы ретінде көрсетілген. Бірақ тарихшылардың көбісі оны 1342-1357 жылдары билік еткен Әз-Жәнібектің замандасы болған деп санайды.

2. «Ақ Орда» ұғымы ескі сәбеттік дәстүр бойынша мемлекет ретінде көрсетілген. Бірақ негізінде ол мемлекеттің атауы емес, Жошы ұлысы билеушілерінің ордасы болатын.

3. Тулар. Фильмдегі Қазақ хандығының байрағын 1980 жылы түрік суретшісі ойлап шығарғаны туралы Асқар Құмыран өз мақаласында айтып кетті. Басқа тулар да солай. Әсіресе 1979 жылға дейінгі Иранның туына ұқсайтын Моғолстанның туы.

4. Бір тараптан Керей мен Жәнібекпен, ал екінші тараптан Есенбұғамен келісімшартқа қол қойылуы толық ойдан шығарылған үзінді. Осыдан шығатыны, Есенбұғаның ұлы Досмұхаммед болмаған келісімшартты бұзуы мүмкін емес.

5. Өзтемір тайшы ойраттарымен болған шайқас қате көрсетілген. Біріншіден, бұл шайқасқа Жәнібек те, Керей де қатыспаған. Екіншіден, бұл шайқас Әбілқайырдың жеке қасіреті болатын. Себебі онда оның қатты жақсы көретін ұлы Ахмет пен інісі Бақтияр қаза тапқан. Сонымен қатар Керей мен Жәнібектің 1465 жылы Өзтемір тайшы мен ойраттарға қарсы соғыс жүргізгеніне ешқандай дәлелжоқ.

6. Әбілқайырды фильмде Әбілқайыр Шайбан немесе Шайбан деп атайды. Тарихта бұл Әбілқайырдың Шайбан деген есімі не қосымша атағы болмаған. Шайбани деп оның немересін атаған, алайда фильмде оның есімі де қате берілген. Ал егер басқа тұсынан қарасақ, Әбілқайыр ханның атасының есімі Шибан болған, бірақ бұл оның есімінің бір бөлігі емес.

7. Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбанидің (немесе Әбу-л-фатһ Мұхаммад) фильмде Шах-Мұхаммед деп аталуы - қате.

8. Фильмде Мұхаммед Шайбани 1450 жылдардың екіші жартысында үлкен азамат ретінде көрсетілген, алайда қайнарларға (дереккөздерге) сүйенсек, ол уақытта оның жасы 10-нан үлкен болмаған. Өйткені ол 1451-52 жылдары туған.

9. Мұхаммед Шайбани әкесінің жалғыз ұлы ретінде көрсетілген. Бірақ оның Махмұд деген бауыры болған. Фильмде оны үш жасар кезінде Өзтемір тайшыға аманат ретінде тапсырады.

10. Әбілқайырдың ұлы Хайдар деп аталады. Негізі, оның есімі - Шейх-Хайдар. Ұсақ қателік болса да, қателік.

11. Қасым 1458 жылы жас жігіт болып көрсетілген. Негізінде ол сол сәтте жасөспірім болған. Мұхаммед Хайдар Дулатиға сүйенсек, 1513 жылы Қасымның жасы 60-тан үлкен, бірақ 70-тен кіші болған (жетпіске жақын), яғни ол 1443 жылдан бұрын емес және 1453 жылдан кейін емес уақыт аралығында туған. Бұл шамамен 1444-1448 жылдар. Осылайша 1458 жылы оның жасы 10 мен 14 аралығында болған.

12. Жәнібек пен Керейдің 1450 жылдары Әбілқайыр ханға бағынышты болғаны туралы барлық эпизодтар шындыққа сәйкес емес. Нұрлан Кенжеахмет ғылыми қолданысқа енгізген қытай қайнарларының жаңа деректері бойынша Керей мен Жәнібек 1447 жылы Моғолстанға көшіп қойған, ал Әбілқайыр ханға бағынышты деп олар бір де бір рет аталмаған.

13. Нәтижесінде, Жәнібек Әбілқайыр ханды саят құрып жүргенде ешқашан құтқармаған.

14. Рәбия Сұлтан-Бегім 1450 жылдары Жәнібекпен кездеспеген әм Жәнібек оған еш сыйлықтар жасамаған. Сонымен қатар, Рәбия Сұлтан-Бегімнің Жәнібекке сыйға тартқан кітабы орта ғасырда ондай пішінде болуы мүмкін емес. Бұл кітап ежелгі стильге келтіріліп жасалған қазіргі заман бұйымына құсайды.

15. Жоғарыда аталған мәліметке сүйенсек, Жәнібек пен Керей 1459-60 жылдары Әбілқайыр ханнан көшіп кетпеген (бұл гипотеза аясында түрлі нұсқалар мен пайымдаулар бар).

16. Ноғай әміршісі Мұса 1460 жылдары фильмде көрсетілгендей кәрі болмаған. Ол уақытта ол ондай дәрежедегі күші бар ел басшысы аталмаған, ал ел билеушісі оның ағасы Аббас болған.

17. Арғын Ақжол және Қыпшақ Қобыланды Жәнібек пен Керейдің замандастары болмаған. Ақжол XV ғасырдың басында, яғни 1450 жылдардан жарты ғасыр бұрын сүрген. Бірінші Қобыланды да солай, ал екінші Қобыланды суреттеліп отырған оқиғадан жарты ғасыр кейін сүрген.

18. Албан, Суан, Жалайыр, Шапырашты және Дулат рулары Моғолстанды мекен еткен деп көрсетілген. Бірақ Моғолстанда тек Дулат руы ғана өмір сүргені шүбесіз мәлімет. Ол Дулаттарды қазақ Дулаттарымен бір деп саналады, ал басқа рулар ол жерді мекендегені туралы дерек жоқ. Мысалы, Жалайырлар Керей мен Жәнібекке де, олардың бабасы Орыс ханға да қызмет еткен.

19. Қазтуған жырау. Қазіргі ілімге сәйкес Қазтуған жырау XVII ғасырда өмір сүрген және XV ғасырдағы Керей мен Жәнібектің замандасы болуы мүмкін емес. Яғни, оның Ноғай билеушісі Мұсаның ордасынан да көшіп кетіп, қазақтарға қосылғаны да ойдан шығарылған нәрсе.

20. Шалкиіз жырау. Фильмде оны Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың отауында шамамен 1465 жылы туған деп көрсетеді. Шындығында оның туған жылы белгісіз, ал Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың арасында туғаны туралы еш дерек жоқ. Бұл кейіпкердің Үлкен орда әміршісі Едіге ұрпағы Темірге жақын болғаны ғана белгілі.

Әрине, көптеген қателіктер режиссер мен сценаристердің әдеби негіз ретінде Ильяс Есенберлиннің романын алып отырғандығынан болып тұр. Ол туындының қазіргі тарих ілімі тұрғысынан қарағанда біраз жерлері тарихи шындыққа сәйкес келмейді. Бірақ мұндай жағдайларда фильм тарихи шындыққа барынша жақын болу үшін «тарихи кеңесші» маманы шақырылады. Фильмді түсіргендер бұл жерде не немқұрайлық танытып, тарихи кеңесші ретінде біліксіз маманды қойған, не Ильяс Есенберлинді өз туындысында қателік жібермеген деп, тарихи кеңесішіге мүлде жүгінбеген. Не де болса, тарихи көзқарас тұрғысынан «Қазақ хандығы: алмас қылыш» фильмінің көптеген сәттері шындыққа сәйкес емес.

Мақсат Маликов

yvision.kz