27 қыр, 2023 сағат 15:44

Әлия Назарбаеваға қатысты іс қозғалғаны туралы ақпарат жоқ – Шыңдалиев

Фото: instagram.com/aliya_nazarbayeva_official/

Бас прокуратураға "РОП" ісі бойынша Әлия Назарбаеваға қатысты депутаттардан ешқандай өтініш түспеген. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Менде Әлия Назарбаеваға қатысты қылмыстық қудалау немесе іс қозғау туралы мәлімет жоқ. Өздеріңіз білетіндей, РОП бойынша үкім шықты. Жақында қалалық сот үкімді заңды күшінде қалдырды. Ал жаңағы айтып отырған кісі бойынша менде басқа мәлімет жоқ", - дейді Шыңдалиев Мәжілісте журналистер сұрағына жауап беріп.

Оның айтуынша, бас прокуратураға Назарбаеваға қатысты ешқандай өтініш түспеген.

"Егер қандай да бір қылмыс құрамы, қандай да бір ақпарат болса, қылмыстық қудалаумен айналысатын тиісті мемлекеттік органдар шешім қабылдауға тиіс. Бізде мұндай бірнеше орган бар: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу қызметі, Ішкі істер министрлігі. Егер ақпарат түссе және қандай да бір дәлелдер болса, олар шешім қабылдауы керек. Әзірге менде мұндай ақпарат жоқ", - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров "AMANAT" партиясының жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңес отырысында куәгерлер РОП операторының түпкі бенефициары Әлия Назарбаева деп көрсеткенін мәлімдеді.

"Баршамызға белгілі, жақында РОП деп аталатын ұйым басшыларының бірқатары қылмыстық жауапқа тартылды. Сот барысында көптеген куәгер жемқорлық жолмен алынған қаржының түпкі бенефициары Әлия Назарбаева деп көрсетті", - деген еді Ерлан Сайыров.

Мәжілісменнің айтуынша, сот та, бас прокуратура өкілдері де сот процесінде куәгерлердің уәжіне назар аудармаған.

Сайыров азаматтардың уәжін міндетті түрде Бас прокуратураға жеткізетінін және бұл мәселе кеңестің бақылауында болатынын айтты.