15 ақп, 2022 сағат 10:34

Әлібек Қуантыров халық табысын арттыру үшін не істеліп жатқанын айтты


Халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептерді жою 4 бағытта жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның атап өтуінше, Президенттің халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында еңбек нарығына, өмір сүру деңгейі мен кедейлік көрсеткіштеріне, халықтың кірістері мен шығыстарының құрылымына талдау жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептер анықталды.

«Анықталған мәселелерді жою мақсатында бағдарлама 4 бағыт бойынша мынадай кешенді іс-шараларды іске асыруға бағытталатын болады: халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстарын арттыру; кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды арттыру; жоғары өнімді жұмыс орындарын құру; жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу аясында әр түрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеу бойынша халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталуда. Бүгінгі күні Үкімет кірме жолдарды ұсыну қызметтері бойынша тарифтерді төмендету бағытында жедел шаралар қабылдады. Осылайша, кірме жолдардың ірі теңгерім ұстаушысы болып табылатын «Көліктік сервис орталығы» АҚ үшін тарифтер 92 пайызға төмендеді», - деді министр.

Сондай-ақ, Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Павлодар облысында кірме жолдарды ұсыну қызметтерін көрсететін «Arman Kala Limited» ЖШС үшін тарифтер 93 пайыз азайтылды. Аталған іс-шара «Богатырь көмір» ЖШС өндіретін көмірдің құнына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, осы жылдың 1 ақпанынан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде кірме жолдарды ұсыну қызметтерін жүзеге асыратын 21 субъектіге тарифтер орта есеппен 80 пайызға төмендеді. Бұл іс-шара энергетикалық көмір құнына және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына теріс әсерді болдырмауға мүмкіндік береді», - деді ол.