25 қаң, 2022 сағат 10:56

Әлібек Қуантыров Ақтөбе облысын дамыту жобалары туралы айтты


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақтөбе облысын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары аясында атқарылатын жұмыстарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,7 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджет - 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар - 1,2 трлн теңге. Кешенді жоспар аясында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Сонымен қатар, шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады. Көптеген кәсіпорындар экспортқа бағдарланған болады деп күтілуде», - деді Ә. Қуантыров. 

Оның айтуынша, «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту әрі тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілер салу жоспарлануда. 

Бұдан басқа, 1300 шақырымнан астам автомобиль жолы жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде Ақтөбе қаласының «өсу орталығы» және еліміздің батыс бөлігіндегі ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал ететін болады. 

«Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылатын болады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысаны салынады. 224 мектеп жаңғыртылып, оңалту орталығы салынады. Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарлануда», - деді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынатын инвестициялар өсімі 2,5 есені немесе 1,5 трлн теңгені құрайды, өнеркәсіп көлемі 1,6 есеге немесе 1,8 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін артады, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37%-ға өсуін қамтамасыз етеді. 

Сонымен қатар, 4,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100%-ды құрайды.