2026 жылға қарай орта білім үшін 120 мың педагог дайындау қажет болады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«БҰҰ болжамына сәйкес, 2030 жылы, яғни 7 жылдан кейін Орталық Азияның халқы 82 млн адамнан асып түседі. Сондықтан бірінші соққыға білім жүйесі тап болады. Қазірдің өзінде біз осынау демографиялық толқынның мектепке дейінгі және орта білімге ауыртпалық түсе бастағанын көріп отырмыз»», - деді ол Отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция барысында.
Осы орайда министр елордадағы 54 мектепте дәріс оқыған кезде орын алған қызықты оқиғасымен бөлісті.
«Бір мұғалім орнынан тұрып, латын әліпбиіне қашан көшетіндігімізді сұрады. Бұл мәселе қазіргі уақытта талқыланып жатқанын айтсам, көшпеуімізді сұрайды. Неге деген сұрағыма: «Себебі қазіргі әліпбиімізде 42 әріп бар. Ал бізде бірінші сыныпта 40 класс бар. Ь мен ъ-ден басқа әріптің бірі де бос емес. 1я, 1х, 1ю кластары бар. Ал жаңа әліпбиде - 28 әріп. Бізге әріп жетпей қалады» деп жауап берді. Міне осындай да әзіл болған еді», - деді Саясат Нұрбек.
Ол Мемлекет басшысы бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырғанын, «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылғанын атап өтті.
«Шамамен 400 мектеп жаңа үлгілік стандартпен салынады. Жалпы 1 мың мектеп бой көтереді. Демек, алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Осы жайлы мектептерді педагогтермен қамту үшін 2024-2025 жылдары 70 мың маман даярлауымыз керек. Ал 2026 жылға қарай 120 мың педагогті даярлап үлгеруге тиіспіз», - деді министр.