10 нау, 2021 сағат 15:46

Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң жобасы осы айда таныстырылады - Әшімбаев

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң жобасы осы айда Парламентте таныстырылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі таңда елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамып келеді. Көптеген жоба қолға алынып, тың бастамалар іске асырылып жатыр. Соған орай бүгін әлеуметтік кәсіпкерлермен арнайы кездесіп, әлеуметтік жобалармен және осы бағытта кадр даярлау мәселесімен таныстық. Жалпы, бұл салада мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс істеліп жатқаны белгілі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға арналған бағдарламалар мен оларды жұмыспен қамтуға қатысты жеңілдіктер де бар. Бірақ оның бәрі мәселені тиісті деңгейде шешуге жеткіліксіз», - деп жазды Сенат спикері Facebook-парақшасында.

Осы ретте ол әлеуметтік кәсіпкерліктің берері мол екендігін баса атап өтті. 

«Өйткені, бұл – маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу жолында мемлекеттің, азаматтық сектордың және кәсіпкерлердің ресурстарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын сала. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерліктің қоғамның азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға тигізетін ықпалы зор. Себебі, бұл сала табыс таба отырып, аз қамтылған, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуді дәріптейді. Сондықтан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға, оны қолдауға Мемлекет басшысы баса мән беріп отыр»,- деді Мәулен Әшімбаев. 

Оның атап өтуінше, Президент тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттары Үкіметпен және тиісті министрліктермен бірлесіп, арнайы заң жобасын дайындады. Жұмыс барысында әлеуметтік кәсіпкерлер мен сарапшылардың пікірлері ескерілген. Құжат осы наурыз айында Сенатта көпшілікке таныстырылып, кейін Мәжілістің қарауына жіберіледі.

«Заң жобасында екі маңызды мәселенің шешімі қарастырылған. Алдымен, әлеуметтік кәсіпкерлікке нақты анықтама беріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлер деген кім, олардың міндеті қандай болу керек деген сұрақтардың бәріне заң жобасында жауап жазылады. Сондай-ақ, құжатта әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған қолдаудың тетіктері көрсетіледі. Нақты айтқанда, салық төлеуде жеңілдіктер қарастыру, мемлекет тарапынан инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, осы саланың қыр-сырын үйрететін тренингтер ұйымдастыру сияқты бірқатар қолдау шаралары ұсынылып отыр. Алдағы уақытта заң қабылданып, еліміз әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың жаңа деңгейіне көтеріледі деп сенеміз», - деді Сенат Төрағасы.