Еңбек ресурстарын дамыту орталығы сайтында тест режимінде еліміздің әлеуметтік-еңбек саласының негізгі көрсеткіштері берілетін дашборд (ақпараттық панель) іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дашборд халықты жұмыспен қамту, еңбек, көші-қон және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша өзекті статистикалық деректерді көрсетеді, олар Ұлттық статистика бюросының, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ Электронды еңбек биржасының деректері негізінде үнемі жаңартылып отырады.
Дашбордты іске қосудың негізгі мақсаты ашықтықты арттыру, еңбек нарығы мен әлеуметтік сала туралы бірегей ақпаратқа қол жеткізуді жеңілдету болып табылады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Ақпараттың ашықтығы азаматтардың кең ауқымын мемлекеттік саясат шараларын іске асыру процесіне тартудың кепілі болып табылады», - деп атап өткен болатын. Ашықтық пен қоғамға есеп беруді қамтамасыз ету – бұл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметіндегі басымдық. Осыған байланысты, Еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету нарығы туралы ақпараттың бастапқы көзі ретінде ЕРДО әлеуметтік-еңбек саласы бойынша өзекті және нақты ақпаратты қамтамасыз етуді өз алдына міндет қояды», - дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы басшысы Дәулет Арғындықов.
Панельде статистика көрсеткіштері ғана емес, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда олардың динамикасы да көрсетіледі. Сондай-ақ, пайдаланушыларға деректерді одан әрі пайдалану үшін соңғы 5 жылдағы динамикамен біріктіре жүктеу мүмкіндігі беріледі.
«Сапалы және сенімді деректер зерттеу жүргізу, гипотезаны растау, шешім қабылдау процесі, еліміздегі қазіргі жағдайды бағалауға негіз болады. Ақпаратқа шектеулі қолжетімділік бұған кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан біз сайтымызда БАҚ, сарапшылар қауымдастығы және қарапайым азаматтар үшін ыңғайлы ақпарат көзі болуы тиіс дашборд құрдық. Біз одан әрі оның «пайдалануға жарамдылығын» қамтамасыз ету үшін пайдаланушылардың қажеттіліктеріне қарай қарқынды жұмыс істеуді және жетілдіруді жалғастырамыз», – деп атап өтті орталықтың Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.
Орталық сарапшы, талдаушыларды және басқа да мүдделі азаматтарды дешбордтың тест нұсқасын жетілдіруге шақырады. Сервисті жақсартуға қатысты пікір мен тілекті a.molchanovskaya@enbek.kz поштасына жіберу керек.