2022 жылдан атаулы әлеуметтік төлемдер әлеуметтік әмиянға түседі. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлеуметтік әмиян дегеніміз банктік шоттарға балама болып саналады. Артықшылығы азаматтардың банкке жүгіну қажеттілігі жоқ. Ұлттық банк жүйесінде әрбір азаматқа жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы осындай шоттар ашылады және бұл шоттарға біз 44 әлеуметтік төлемді проаквтивті түрде төлеуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдер – бұл банктердің, салық органдардың немесе коллекторлық ұйымдардың тарапынан өндіріп алуға жатпайды. Яғни қорғалады», - деді министр «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын талқылау барысында.
Оның айтуынша, әлеуметтік әмиянды қолданушылардың тауар сатып алуға немесе банк карточкасы сияқты қызметтер алуға толық мүмкіндігі бар. Бұған қоса, әлеуметтік әмияннан төлем карточкасына да ақша аударып, қолма-қол ақша ретінде шешіп ала алады. Ешқандай шектеу болмайды.
«Қазіргі таңда заң жобасы бекітілді. Осыған байланысты Ұлттық банк техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі жылдан бастап біздің тарапымыздан ілкі жоба ретінде атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік әмиянға аудару жоспарланып отыр», - деді Серік Шәпкенов.