Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Қазақ киносының жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойына орай XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында режиссердің 1964 жылы түсірілген «Алдар көсе» фильмінің реставрацияланған нұсқасы көрсетіледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Фестивальдің бағдарламалық директоры Диана Әшімова картинаның реставрацияланған нұсқасын көрермен назарына ұсыну арқылы қазақ кинематографиясының байлығын жаңа сапада көрсетуді мақсат еткенін жеткізді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы президентінің міндетін атқарушы, фестиваль директоры Айдар Омаров қазақ киносының байлығын әлемге танытуды көздеп отырғанын айтты.
«Бұл жыл біз үшін ерекше маңызға ие. «Еуразия» кинофестивалі ұзақ үзілістен кейін қайта жанданып, жаңа белеске қадам басып отыр. Сонымен қатар, біз биыл Шәкен Аймановтың мәдени мұрасын дәріптеп, қазақ киносының байлығын әлемге танытуды көздейміз. Оның фильмдері көптеген буындарға шабыт берді. «Қазақфильм» киностудиясының қайта жаңғыруы да осыны айқындай түседі», – деді Айдар Омаров.
Айта кетейік, биыл «Еуразия» кинофестивалі қазылар алқасының 70%-ын шетелдік мамандар құрайтын болады.