«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті мемлекет тарапынан қолдаудың шараларын бекітпекші. Палата төралқасының төрағасы Райымбек Баталов дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі шұғыл штабтың жұмысы туралы тікелей эфир барысында осынай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізге нақты ұсыныстар, соның ішінде бизнестен ұсыныстар алу маңызды. Мен бәріне нақты айта аламын, қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Ұсыныстар дайындап жатырмыз. Ұсынатын қолдау шараларын қорғап бағамыз», – деді ол кәсіпкерлердің салық демалыстары мен несие төлемдерін кейінге қалдыру туралы сұрақтарына берген жауабында.
Сондай-ақ, ол шұғыл штаб жұмысына палатаның бүкіл құрылымы тартылғанын атап өтті.
«Себебі қазір түрлі ұйымдастырушылық мәселелерді кейінге қалдыру керек. Көптеген кәсіпкерлер Ресейге қарсы санкциялардың күшіне енуіне байланысты айтарлықтай қиындықтарға тап бола бастады. Атап айтқанда, көбінің жүктері шекара арқылы өткен кезде кешеуілдеп жатыр. Бірінші кезекте, осындай мәселелерді шешу керек. Алдағы аптада біз бизнестің шығындарын өтеу туралы мәселе қоямыз. Шығындарды өтеу микрокәсіпорындарға осы уақытқа дейін қолданылып келген пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде, ірі кәсіпорындарға қолданыстағы бағдарламалар бойынша несиелерді кепілдендіру, теңге бағамымен байланысты шығындарды өтеу сияқты шараларды қамтуы мүмкін», - деді Райымбек Баталов.