07 қыр, 2022 сағат 19:20

Албания Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзді

Фото: elements.envato.com

Албания үкіметі Иранмен дипломатиялық қатынасты үзу туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Elnashra сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Албанияның премьер-министрі Эди Рама хабарлады. Оның айтуынша, бұл төтенше шара 15 шілдеде Иранның Албания үкіметтік жүйелеріне жасаған кибершабуылынан кейін қабылданған.

"Министрлер кеңесі Иран Ислам Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынасты дереу үзу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім Иран елшілігіне ресми нота арқылы хабарланды, онда барлық дипломатиялық және техникалық, әкімшілік қызметкерлерге, соның ішінде қауіпсіздік қызметкерлеріне 24 сағат ішінде Албания Республикасы аумағынан кету ұсынылған", - деді Рама БАҚ-қа берген бейне хабарламасында.

Албания премьер-министрі үкімет Албанияға жасалған кибершабуылды Иранның "мемлекеттік шабуылы" деп есептейтінін айтты.