28 шіл, 2025 сағат 16:19

«Алатау» театры Авиньонда: Қазақтың ұлы дала мәдениетінің әлемге тағылымы

Фото: театрдың баспасөз қызметі

Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының «Steppes Rhapsody» қойылымы «Авиньон OFF» фестивалінде өз өнерін көрсетті және қазақтың көне дәстүрлерін, бай мәдениетін әлем жұртшылығына танытты. Бұл фестиваль әлемдегі ең ірі театр алаңдарының бірі болып табылады, жыл сайын көптеген елдерден келген өнерпаздар өз қойылымдарын ұсынады. Авиньон OFF фестивалі әртүрлі мәдениеттерді, тілдерді және өнер түрлерін үйлестіріп, халықаралық деңгейде ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға ықпал етеді. Қойылымда қазақтың ұлы даласынан алынған әсерлер мен рухтың көрінісін ғаламдық сахнада бейнелеу — үлкен мәртебе.

«Steppes Rhapsody» қойылымы Авиньондық көркем сахнада қазақ халқының мәдениетін және дәстүрін бүкіл әлемге танытты. Жердің терең тынысымен, көк аспанның кеңдігімен, дала дидарымен айқын байланысқан бұл спектакль көрерменнің жүрегін тебірентіп, өткен мен бүгінгі ұлы дәстүрді қайта жаңғыртты.

Бұл қойылымда «Алатау» театрының әсем үні мен терең биі қазақ халқының тарихын сөйлетті. Ата-бабаларымыздың қанымен сіңген көшпенділік рухы, ұлы даланың кеңдігінен туындаған айқындық сахнада терең әрі мол сезімдермен орындалды. Қойылымның алғашқы сәті — «Шаман биі» мен «Ақсақ құлан» күйінің әуендері халықтың терең философиясы мен тарихи санасын бейнелей отырып, көрерменді бірден өз әлеміне тартып әкетті. Домбыраның күмбірі, қобыздың сызды үні қазақтың өткен дәуірін, оның мәңгілік тіршілігін көрсетті.

Пікір: Арольд Давид – фестивальдің Co-President


Мен француз қауымына қазақтың қазіргі заманғы өнерін танытып, еліміздің бай шығармашылық әлемі жайында терең түсінік беру үшін осы ұлы өнердің алауын жағып, қойылымды ұсындым. Біздің фестивалімізде жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан аса театр майталмандары қатысып, түрлі қойылымдарды таңдап, өз өнер сарайларында көрсету үшін оларды өз бағдарламаларына қосады. Бұл фестиваль — шығармашылық алмасу, кездесулер мен кәсіби тәжірбие бөлісу алаңы. Осылайша, мен сіздердің шығармашылығыңыздың жүрегіне терең үңіліп, оны болашақтағы гастрольдер мен фестивальдерде қазақтың өнерін көруге ынта танытатын көпшілік табады деп үміттенемін. Біз мәдениеттерді өзара алмасу мен халықаралық диалог аясында жұмыс істеп, өзара түсіністік пен байланысты нығайту үшін осындай шынайы кездесулерді қажет етіп отырмыз.


Әрбір қимыл мен қозғалыс ұлы даланың кеңдігін, халқымыздың төзімділігін, олардың сан ғасырлық тарихын сипаттайды. Қазақтың жан дүниесі терең күймен, нақтылықпен сыр шертеді. «Рухты ел» күйінде домбыра мен қобыздың үндестігі халықтың рухын, оның еркіндігін бейнелейді. Күйдің терең сазы қазақтың дәстүрін, өткені мен болашағы арасындағы алтын көпірді құрайды.

Фото: театрдың баспасөз қызметі

Көрермен пікірі:


Мен бұған дейін бұл артистерді көрген жоқпын, басқа бір қойылымға келіп едік. Бірақ сахнаға шығып, олардың ұлттық киімдері мен әндерінің қазынасынан, дауыстарының тереңдігінен оралған сәтте, біз өз жолымызды өзгертіп, бұл өнерге бет бұрдық. Әрбір көрініс, әрбір дауыс бізді өзіне баурап алды. Бәрі де жарқын, шынайы өтті. Бұл – тек жай өнер емес, бұл – рухтың үнін жеткізу, жанның тереңінен айтылған сөздер. Олар бізге қазақтың ұлттық рухын, оның қасиетті мәдениетін көрсету арқылы біздің өзімізге деген сүйіспеншілігімізді оятты.


Сахнадағы «Аққу» биі табиғаттың нәзік сұлулығын, адам мен табиғат арасындағы мәңгілік байланысты паш етті. Әрбір бишінің іс-қимылы, табиғаттың әсемдігін көрсету арқылы көрерменді қазақ жерінің кең даласына алып барды. Аққу бейнесі арқылы олар қазақтың ерекше дәстүрін, ұлттың кеңдігін және мәңгілік сұлу символын білдірді.

Фото: театрдың баспасөз қызметі

Айбалтамен орындалған «Балбырауын» көрінісі еркіндік пен батырлықтың айшықты көрінісі. Әрбір қозғалыс қазақ халқының күрескерлігі мен батырлығын көрсетті. Бұл қойылымдағы күш-қуат, ерлік рухы көрерменнің көзіне жас салды, жүрегін толқытты. Режиссер Әділет Таменовтің ерекше шеберлігі — өнердің дәстүрін сақтап, оны жаңа биікке көтеру арқылы көрерменді таңғалдырып, ұлттық өнерімізді шынайы түрде ұсынды.

«Юранай» мен «Хайлау-лилау» әндері арқылы қазақ халқының жан дүниесі мен музыкалық өнері әлемге танылды. Ұлжан Ағлақова мен Диас Мұратханның дауыстары осы ұлы халықтың терең әрі шынайы музыкалық дәстүрін ашып берді. Әндердегі әрбір сөз, әрбір дыбыс халықтың өмір сүру мәдениетін, оның рухани байлығын айқындады.

Көрермен пікірі:


Әншінің өнері мені терең толқытты. Оның дауысы адам жанының құпияларына дейін жетіп, жүрек қақпасын ашты. Бұл жай ән айту емес, бұл – жүректің тереңінен шығатын рухани қазына. Өзім де ән салып, өнерді бағалайтын адам ретінде, оның кәсібилігіне таңқалмадым деп айта алмаймын. Әрбір нота, әрбір дыбыс – құдіретті, жүректі жарып өтетіндей. Мұндай әнді тыңдаған адам оның күшіне бас иіп, өзін осы дүниеде нағыз рухани кемелдіктің көрінісімен кездестіргендей сезінеді.



Әрбір би мен көрініс қазақтың ұлттық мәдениетін, оның байлығын және күрделі тарихи кезеңдеріндегі тіршілігін бейнелейді. Әділет Таменовтің «Адай» биіндегі трюктері — қазақ халқының күш-қуатын, батылдығын және еркіндігін көрсетеді. Бұл өнердің шыңына жеткен орындаушының өз шығармашылығымен көрерменнің жүрегінде қалды.

Қойылымның соңында орындалған «Алатау» мен «Атамекен» әндері арқылы барлық әртістер туған жердің қасиетті топырағына деген шексіз сүйіспеншілігін білдірді. Осы әндерде қазақ халқының терең рухани әлемі, оның кең далаға деген махаббаты айқын көрініс тапты.

Көрермен пікірі:


Бельгияда тұрып, жыл сайын Авиньон фестиваліне қатысу мен үшін дәстүрге айналды. Қасиетті сахнаға қазақтың талантты ұлдары мен қыздары келіп өнер көрсетеді дегенді ести сала, мен өзіме сөз беріп, сол кешке міндетті түрде келетінімді білдім. Келгеніме бір сәт те өкінген жоқпын, керісінше, бұл сапар менің өмірімді байытты. Сахнадан төгілген күшті энергия мені балалық шағыма қайта алып келді, рухымды жаңартты. Артистердің өнері мені қатты толқытты, өзімді өзгеше әлемде жүргендей сезіндім. Мұндай өнердің әсері шексіз! Мұншалықты терең әсер қалдырады деп ешқашан ойламаппын.


«Steppes Rhapsody» қойылымы қазақтың ұлттық өнерін жаңа биікке көтерді, оның терең тамырларын бүкіл әлемге жария етті. Әрбір күй мен ән, би мен терме — қазақ халқының мәңгілік мұрасы мен рухани тереңдігін көрсету үшін әлемге жол тартқан алтын көпір болып қала береді.

 

Инара Аубакирова

Алатау театрының

Әдебиет бөлім басшысы