04 там, 2016 сағат 08:49

Алаш көсемiнiң «Ақ жолдағы» қолтаңбасы

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басы. Қазақтың көзi ашық, көкiрегi ояу оқыған азаматтарының ұлы мұрат жолындағы тағы бiр үнжариясы жарық көре бастаған. Ол – «Ақ жол» газетi. Бұл басылымның тарихы қызық. Алты жылдай Түркiстан республикасы кiндiк басқарма комитетi мен ортақшыл партия комитетi атынан тұрақты түрде Ташкентте шығып тұрады. Кейiн Түркiстан қазақтары Қазақстан Республикасына қосылған соң редакция Шымкентке ауысады. Жаңа жерге келген соң қырық шақты саны жарық көредi де, iзiм-қайым жоғалып кетедi. Оның орнына Шымкентте Сырдария атқару және партия комитетiнiң атынан басқа датамен, бiрақ «Ақ жол» атауымен өзге газет шығарыла бастайды. Шығарушылар құрамында да өзгерiстер пайда болады. Кейiн Оңтүстiк Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргiн құрбандары музейiнiң директоры, ақын Ханбибi Есенқарақызының басшылығымен бұрынғы «Ақ жол» газетiнiң басылымдары Ташкент, Мәскеу және Алматыдағы ұлттық кiтапханалардан iздестiрiлiп табылады. Араб харпiмен терiлген бұл басылымдар музей қызметкерлерiнiң күшiмен орыс кириллицасына ауыстырылып, қазiргi таңда алғашқы он томдығы өз алдына кiтап болып жарық көрдi. Биыл, сәтi түссе, келесi он томдығы да жинақ болып басылып шықпақ.

Бұл ендi басқа әңгiменiң тақырыбы. Бiздi қызықтырғаны – ұлт көсемi, Алаш ардақтысы, мерейтойы биыл әлемдiк деңгейде, ЮНЕСКО көлемiнде атап өтiлгелi отырған Әлихан Бөкейханның «Ақ жол» газетiнiң беттерiнде жарияланған материалдары едi.

Әрине, сол кездегi газеттерде басылған ғылыми-публицистикалық, тарихи-танымдық мақалалардың басым көпшiлiгi бүркеме, лақап есiмдермен берiлiп тұрды. Сондықтан жазылу мәнерi бiрден көзге ұрып тұратын әдеби-көркем туындылардай емес, публицистикалық материалдардың авторын анықтаудың зерттеушiлерге оңай тимей жатқаны да рас. Әртүрлi дау-дамайлардың туындап қалатыны да осыдан. Дегенмен, бiз Ә.Бөкейханның «Ақ жол» газетiне жарияланған мақалаларын анықтауда белгiлi әлихантанушы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң «Алаш» мәдениет және рухани даму ғылыми институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлының зерттеулерiне сүйендiк. Ол кiсiнiң айтуынша, Алаш көсемiнiң бүркеншiк есiмдерiнiң осы күнге дейiн анықталғаны отыздан асып жығылады. Оның басым көпшiлiгi орыс тiлiндегi жазбаларында жиi қолданылған. Ал, екi тiлде бiрдей пайдаланған лақап аты – «Қыр баласы», «Сын степей» мен «V» белгiсi екен. Бұлардан басқа қазақ тiлiнде жазылған мақалаларын «Ә.Н.» (Әлихан Нұрмұхаммедұлы), «Қыр ұғылы» немесе «Қыр ұлы», «Қ.Б.» (Қыр баласы), «Ғали хан» немесе «Әли хан», «Ғ.Б.» (Ғалихан Бөкейхан), «Ә.Б.» (Әлихан Бөкейхан), «Арыс ұлы», «Түрiк баласы», «Қалмақбай» және басқа да бүркеншiк есiмдермен жариялап отырған.

1920-1926 жылдары шығып тұрған «Ақ жол» газетiнен Әлихан Бөкейханның жиырмаға тарта iрiлi-ұсақты мақаласы мен ел аузынан жинаған аңыз-әңгiмесiн, әдеби аудармасын таптық. Соңына «Қыр баласы» және «Ғ.Б.» деген жасырын атпен қол қойған. Әрине, ел сөзiн ұстаған ақиық азамат үшiн алты жылда «жиырма шақты» дегенiңiз аздау көрiнетiнi рас. Бiрақ мұның себептерi де жоқ емес.    Бiрiншiден, сонау патшалық Ресей заманынан бастап, кейiнгi Кеңес өкiметiне дейiн үнемi аңдуда, қуғын-сүргiнде, қамауда жүрiп, «Ақ жол» газетiмен тұрақты байланыс орнатуға мүмкiндiгi болмады. Дәлiрек айтқанда, мүмкiндiк бермедi. Ұлт мүддесi үшiн оның қалай күрескенi жөнiнде С.Аққұлы мынадай қызықты деректер келтiредi. «1917 жылғы төңкерiске дейiнгi және одан кейiнгi кезеңде бiр Әлиханның өзi 7 рет тұтқындалып, бiрнеше тәулiктен 4 және 8 айға дейiн түрмеде отырып шығып, екi рет саяси айдауда болды. Оның iшiнде Самарада 8 жылын өткiзсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескi күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп еттi» деп жазады зерттеушi-ғалым («Егемен Қазақстан», 24 қараша, 2015 жыл).

Екiншiден, осыншама қиыншылықтарға қарамастан Әлихан Бөкейхан жалпы баспасөз iсiн зор қажыр-қайратпен жүргiздi. Шынында да ол төңкерiске дейiн төрт газет шығарса, оның үшеуi орыс тiлiнде жарық көредi. Яғни «Иртыш», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттерiне өзi редакторлық етедi. Қазақ тiлiндегi тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетiн ұйымдастырды. Төңкерiстен кейiн қазақ тiлiндегi «Темiрқазық» және «Шолпан» журналын шығарады. Ал, жиырмасыншы жылдардың ортасына қарай «Жаңа мектеп», «Әйел теңдiгi» және «Сәуле» журналдарының жарық көруiне ұйытқы болады. Баспасөздi халықтың көзiн ашу, санасын оятудағы басты құрал деп бiлдi, онымен айналысуды өз өмiрiнiң мұраты деп түсiндi. Сондықтан да ол тұтқындалған кезде өмiрбаянына қатысты «мамандығыңыз» деген анкеталық сұраққа бiр кезде жоғары бiлiм алған кәсiптерi: орманшы-ғалым немесе заңгер деп жазбай, «журналист» деп көрсетедi.

Мiне, Алаш көсемiнiң бұрыннан қалыптасып қалған «Ақ жол» газетiне белсене қатыса алмауы осындай жұмысбастылық жағдайлардан да туындап жатса керек. Соған қарамастан Алаш көсемi «Ақ жол» газетiнiң бетiнде де елге, жерге, ұлт тағдыры мен жастар болашағына қатысты өз ойларымен бөлiседi, ұсыныстар айтады, кеңес бередi.

Оның «Ақ жолдағы» алғашқы мақаласы 1921 жылдың 9 қаңтарында газеттiң 12-санында жарияланды. Шағын ғана мақала. Қазiргi газеттiк өлшеммен қарағанда небәрi 70-80 жолдай. Бiрақ осы жазбаның өзiнен ұлттық идея жолында басын бәйгеге тiгiп, бар өмiрiн Алаш қозғалысына бағыттаған қайраткердiң қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн қызғыштай қорыған мақсат-мүддесi бiрден аңғарылады.

Патшалық самодержавие озбырлығының бiр көрiнiсi қазақ жерiне орыс мұжықтарын қаптата қоныстандыруы болды. Оларға өзен-көлдердiң бойынан егiстiкке қолайлы, тұрмысқа жайлы ең құнарлы жерлер мен мал жайылымдары тартып әперiлдi. Жергiлiктi халық мал өрiсiне жарамсыз, сусыз, шөлдi аймақтарға қарай ығыстырылды. «Столыпин реформасы» аталған реакциялық шешiм шет өлкеге қоныстанушы мұжықтарға айрықша басымдық, ерекше өкiлеттiлiк бердi. Қазақтар оларды ниет-пиғылына қарай «қара шекпендер» деп атады.

Патша өкiметi құлатылып, Қазан төңкерiсi жеңiске жеттi. Кеңес өкiметi «езiлген ұлттардың теңдiгiн қалпына келтiремiз» деп жариялағанмен, оның шын мәнiнде жүзеге аспай жатқаны Алаш басшысының назарынан тыс қалмайды. Оған Омбыдағы Қазақстан өкiлдiктерi арқылы Сибирь ревкомының Ақмола, Семей облысының жерiне 164 мың 645 қара шекпендi қоныс аудартуға жазып қойғаны белгiлi болады. Қазақ жерiне жатжұрттықтарды жергiлiктi халықпен санаспай әлi күнге дейiн жiберуiн жаны ауыра қабылдайды автор. «Бұл қалай? Николай заманы қайта қабынды ма? – деп оқушылар сұрайды» делiнген «Жауап хат» атты мақаласында. Шамасы, мақала тақырыбының өзi халықтың көкейiндегi сауалға жауап беруден туындап жатса керек.

Мақалада ұлт көсемi ешқандай боссөздiлiкке жол бермейдi. Өз ойын нақты деректермен шегелеп жеткiзедi. Ресей Үкiметiнiң 1920 жылы 1 қыркүйекте «қазақ халқы өз алдына мемлекет болсын» деп шығарған заңын еске салады. Осыған орай сол жылы қазан айында қазақтардың сиезi болып, Қазақ республикасы құрылғанын айтады. Республика үкiметi көп ұзамай 17 қарашада «қазақ жерiне бiрде-бiр «қара шекпен» келмесiн деп шешiм қабылдаған. Сондықтан да Сибирь ревкомының iс-әрекетiн бұрынғыша көкiрекке ұрып басыну, «заңсыздық» деп санайтынын жеткiзедi. «Мұны бiздiң қазақ жұрты Россия Кеңес хүкiметiнiң саясаты деп бiлуге болмайды. Мұны iстеп отырған – дағдылы Николайдың тұз сiңген, не өтiрiк ортақшыл, не Николайдың чиновнигiне жетеленген, соқыр, надан ортақшыл. Бұлардың мұнысы iске аспайды. Қазақ-қырғыз жерiне ендi қара шекпен орнамайды. КирЦик, Кирсовнарком бұл туралы Мәскеумен сөйлесiп, қара шекпендердi қайырмақ болып жатыр» деп кесiп айтады, тiлiп өтедi.

«Қазақ жерiне қазақтардың өзi ие, қара шекпен жер аламын десе, жергiлiктi ауыл, болыс кеңесi КирНаркомземге дейiн таласу-тартысуы керек» деп ой түйедi ұлт жанашыры. Өкiнiшке қарай, кесiп айтқан, ой түйген азаматтар Кеңес өкiметiне де жаққан жоқ. Ұлт теңдiгi бұл мемлекет үшiн тек «декоративтiк көрiнiс» үшiн ғана қажет едi. Алаш зиялыларының соңына көп ұзамай шырақ алып түстi. Қамады, атты, «итжеккенге» айдады...

Ә.Бөкейханның 1921 жылы «Ақ жол» газетiнiң 27-санында жарияланған тағы бiр шағын заметкасы қазақтың алғашқы қайраткер қыздарының бiрi Сара Есоваға арналған. Түркiстандағы жалпы қазақ-қырғыздың I съезi 1921 жылдың қаңтар айында Әулиеата қаласында ашылады. Мiне, сол жиында делегаттарды құттықтап сөз сөйлеген Сара Есованың бойынан автор табиғи ұяңдық пен әлсiздiктi жеңiп, өз теңдiгi мен бақыты үшiн күрескен қазақ әйелiнiң жаңа бейнесiн көредi. Соны өзгелерге өнеге етедi.

«Студенттерге жәрдем керек» деген мақалада («Ақ жол». №314, 14 маусым, 1923 жыл) Ә. Бөкейхан Түркiстан республикасы атынан Германияда оқып жатқан бес қазақ студентiнiң тұрмыстық жағдайына алаңдаушылық бiлдiредi. Өзгелермен терезесi тең ел болу үшiн шетелдерде мамандар даярлаудың маңызын атап өтедi. Шет жерде мұқтаждық көрiп жүрген студенттерге қамқорлық көрсетудi үкiметке ғана артып қоймай, «ел болып жәрдем жинауға кiрiсу керек» дейдi. Содан соң жәрдем жинаудың тиiмдi жолдарын айтып бередi.

Мәскеу қаласынан жазған «Выставка туралы» (№321, 30 маусым, 1923 жыл) деген мақалада Ә.Бөкейхан Бүкiлодақтық халық шаруашылығы жетiстiктерi көрмесiне (ол кезде жалпы Россия шаруашылық выставкасы) қатысудың шет аймақтағы республикалар үшiн ерекше маңызын атап көрсетедi. Оның үлкен тәжiрибе мектебi екенiн, болашақта халық шаруашылығы жұмыстарын үйлесiмдi жүргiзуге қажеттiгiн айтады.

Ұлт қайраткерi өз идеясын жүзеге асыртпаған, сол идея үшiн қуғын-сүргiнге салып, қамауда ұстаған, ел-жұртынан айырып, азап көрсеткен Кеңес өкiметiне ешуақытта кiнә таққан, жамандаған емес. Ол елдiк мүдденiң саяси талас-тартыстан жоғары тұратынын дәлелдеп бердi. Сондықтан да ашық күрестен гөрi қазiргi жағдайға бейiмделу арқылы ұлтты сақтап қалудың, ел болудың, басқару iсiн, шаруашылық жүргiзудi жетiлдiрудiң, өзгелерден көбiрек үйренудiң, халықтың сауатын ашу, зердесiн оятуды қалады. Оның жазбаларынан осы бағыт бiрден аңғарылады.

Ол Кеңес өкiметiнiң халыққа, елге пайдасы тиер жұмыстарының бәрiне қолдау көрсетедi. «Ел арасында оқу iсiн кiм жүргiзедi?» деген мақаланың (№337,30.08.1923 ж.) айтар ойы да тереңде. Бөкейханов «Кiндiк хүкiметтiң қазiргi уақытта халыққа пайдалы iсiнiң ең қадiрлiсi – оқу, оқыту...» деп атап көрсетедi. Мiне, осы мақсатты жүзеге асыратын, ең алдымен, «жергiлiктi хүкiмет» екенiн айтады. Өкiнiшке қарай, жергiлiктi билiктiң халық ағарту iсiне әлi күнге «салақ көзбен» қарап отырғанына қынжылады. Соның салдарынан мұғалiмдер қорғансыз, ел арасында ашылған мектептiң аты бар да заты жоқ. Ал, халық ағарту iсi болыс, ауылнайлардың «үш ұйықтаса түсiне де енбей» отырғанын сынайды. Ел iшiнде оқыту iсiн жүргiзу жергiлiктi билiктiң жанашырлығына тiкелей байланысты. «Сондықтан бұдан былай жергiлiктi хүкiмет... елге еркелiк қылуды тастайтын уақыт жеттi. Ел хүкiмет үшiн емес, хүкiмет ел үшiн жасайтындығын ешуақыт естен шығармау керек» деп түйiндейдi автор.

Сондай-ақ, «Ақ жол» газетiнiң №499 және №502 сандарында жарияланған «Бiлiмге жалынған жұрт орман, бағын қалай қориды?», «Данияда кәператип пен ел шаруасы», 1925 жылдың мамырында екi нөмiрге бiрдей салынған «Жердiң құйқасы» атты экономикалық тақырыптағы мақалалардың сол кездегi ауыл шаруалары үшiн ғана емес, қазiргi зерттеушi-ғалымдар үшiн де танымдық маңызы зор десек, қателеспеспiз. Әсiресе, соңғы материалда қазақтың кең-байтақ жазық жерлерi мен орманды алқабының топырақ құрамына жан-жақты сипаттама берiп өтедi. «Жердiң құйқасы» деп саналатын құнарлы топырақ қабатын сақтаудың жолдарын көрсетедi, тыңайтқыш түрлерiмен, ауыспалы егiс жүйесiнiң «әлiппесiмен» таныстырады. Ауыл шаруаларына егiншiлiктiң ғылыми негiздерi жөнiнде терең түсiндiрме жасайды. «Қыр баласы» атты бүркеншiк атпен берiлген осы танымдық мақаланың өзi-ақ бiр кезде Санкт-Петербургтегi Орман институтына оқуға түсiп, оны экономист мамандығы бойынша бiтiрiп шыққан жанның iргелi ғұламалық бiлiмiн танытса керек.

«Ақ жол» газетiнде, сондай-ақ, «Қыр баласы» лақап атымен жарияланған Қырым татарларының ескi аңыз-әңгiмелерiн оқыдық. Лев Толстойдың атақты «Қажы Мұрат» повесiнен үзiндi тұңғыш рет қазақ тiлiнде жарық көрдi. Француз классигi Ги де Мопассанның «Сауда» әңгiмесi, ағылшын философы Оскар Уайльдтың «Жұлдыз бала» атты хикаясы әдеби қазақ тiлiнде газеттiң бiрнеше сандарына басылып шықты. Бүгiнде бiз Әлихан Бөкейханды Алаш қозғалысының көшбасшысы, қазақтың тұңғыш ұлттық мемлекетi – Алашорда үкiметiнiң негiзiн қалаушы қайраткер ретiнде ғана бiлетiнiмiз анық. Ал, оның әдеби-мәдени дүниетанымы, энциклопедиялық бiлiм парасаты, ғалымдық, жазушылық, журналистiк қарым-қабiлетi жағынан тани аламыз ба? Әй, қайдам. Мiне, бұл да болашақта өз зерттеушiлерiн күтiп тұр деп ойлаймыз.

Суханбердi ОРАЗАЛЫҰЛЫ, Оңтүстiк Қазақстан облыстық қуғын-сүргiн құрбандары мұражайының ғылыми қызметкерi, журналист.

Оңтүстік Қазақстан газеті