Фото: DPA/ТАСС
Түркияның Алания аумағында болған жол апатынан қазақстандық турист көз жұмды. Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аланиядағы апаттан зардап шеккен жолаушылардың бірі ауыр жарақат салдарынан бүгін таңертең ауруханада қайтыс болды. Қаза тапқан ҚР азаматының ұлы бүгін Анталияға келді және қазір біздің дипломаттармен бірге. Оған бүкіл қажетті көмек көрсетіледі», - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, қазақстандық туристерді тасымалдаған микроавтобус Аланиядағы Okurcalar Mahallesi D-400 трассасында жүк көлігіне соғылған. Салдарынан көлік жүргізуші мен гид (Украина азаматы) оқиға орнында көз жұмды.
Апат орнына полиция мен медицина бригадалары дереу жіберілген. Көлікте болған 12 туристің алтауы ауыр жарақатпен жергілікті ауруханаға жеткізілген.
Сондай-ақ бүгін жол апатынан екі қазақстандық жарақат алғаны, оларға ота жасалғаны хабарланды.