05 шіл, 2022 сағат 10:11

Алакөлдегі өрт: 7 адам зардап шекті


Алакөлде 4 демалыс орны өртеніп, жеті адам зардап шекті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

"Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері мен тұрғындардың бірлескен күшімен 5 шілдеде сағат 05.40-та өрт сөндірілді. Өрт 3000 шаршы метрге жайылды. 4 демалыс орны өрттен зардап шекті.

Медициналық көмекке жүгінген 7 адам тексерістен кейін ауруханаға жатқызуды қажет етпеді", - деді ТЖД.

Өрт орнына әкімдіктерден, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен, Полиция департаментінен, Тарбағатай ұлттық паркінен және Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінен 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды.

Еске салайық, 4 шілдеде 23:20-да Үржар ауданындағы Алакөл көліндегі демалыс базаларының бірінде өрт шыққан болатын.