09 жел, 2022 сағат 16:02

Ақжарқын Тұрлыбай ісі: Нигерия күдіктіні әлі берген жоқ


Нигерия Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша күдіктіні әзірге экстрадициялаған жоқ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Айта кетейік, Адиндо Нонсо Фортунның ұсталғаны 20 маусымда белгілі болды. Содан бері 6 айға жуық уақыт өтті.

"Адиндо Н.Ф. есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыс жасағаны үшін Алматы қалалық полиция департаментімен іздеуде болған. Ол 2022 жылғы 20 маусымда Нигерияда ұсталды. Қазіргі уақытта оны қамауда ұстау және Қазақстанға одан әрі экстрадициялау туралы одан әрі процессуалдық шешім қабылдау мақсатында қажетті материалдар Нигерия ҰОБ-на жолданды. Қазіргі уақытта Нигерия тарапы қарастырып жатыр", - делінген халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Артур Ластаевтың қолы қойылған БП жауабында.

Еске сала кетейік, қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанжоу әуежайында ұсталған еді. Кейін оны өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Біраз уақыттан кейін сот үкімі жойылып, іс қайта қарауға жолданған. 

Бойжеткен есірткі туралы білмегенін алға тартады. Нигериялық есірткі тасымалының ұйымдастырушысы әлі ұсталған жоқ. Ал Ақжарқын 2015 жылы маусымда өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.