ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев ағымдағы жылы екінші деңгейлі банктерге не үшін мемлекеттік қолдау көрсетілгендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банкті құтқару, не құтқармау мәселесі оның шығыны барынша жоғары болып, акционердің капиталы салымшыларды мұнан арғы шығындардан қорғауға жетпеген кезде туындайды. Таңдау қызығарлық емес. Өйткені, жақсы мен өте жақсының арасында емес, жаман мен өте жаманның арасынан таңдау жасауға тура келеді. Дегенмен, таңдау жасау қажет. Себебі әрекет жасамау - одан да жаман», - деді Данияр Ақышев «Делевой Казахстан» газетіне берген сұхбатында.
Сұхбат барысында ол өткен жылы Ұлттық банк еліміздің шығыны мол бірнеше банктің несие қоржынына тексеру жасағандығын және Қазкоммерцбанкті құтқару үшін оған қайта капиталдандыру жүргізілгендігін атап өткен.
«Банк біз анықтаған барлық шығындарды мойындады, акционерлік капиталды толықтай шығынға жазды және мемлекеттік қолдауға ие болды. Осыдан кейін оны Халық банк сатып алып, қайта капиталдандырды», - деді ол.
Сонымен қатар ол Қазкммерцбанкті мемлекет құтқармаған жағдайда қандай жағдай болуы мүмкін екендігін де айтып берді.
«Біршама қиындық болар еді. Өйткені, банктің өзін ғана емес ол жойылған жағдайдағы барлық ықтимал салдарды да ескеру қажет. Біздің банк жүйеміздің негізгі кредиторлардан бастайық. Негізінен ол қоғамдық сектор, яғни Қазақстанның мемлекеттік компаниялары, қоғамдық қорлар, БЖЗҚ. Олар қаражаттарын депозитте ұстайды және банк облигацияларына ие. Бұл шамамен банк жүйесін қорландырудың 30 пайызын құрайды. Қорландырудың 44 пайызын халықтық жинақтары. 2007 жылмен салыстырғанда олардың арасында шетелдік кредиттер іс жүзінде жоқ десек те болады. Банк жойылған жағдайда олардың барлығы да қаржылық шығынға ұшырайды», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, банктерді құтқару сектор тиімділігінің ұзақ мерзімді шығындарымен де байланысты.
«Сондықтан да біз жүйе құраушы банктерге қолдау көрсетуге және жүйелі емес банктерді банктік қолдау бағдарламасын қабылдауды шештік. Жалпы бұл мінсіз құрал емес. Дегенмен, орын алып отырған жағдайларды және біз бетпе-бет келген институттық шектеулерді ескерер болсақ, бұл банктердің сауықтырудың барынша оңтайлы нұсқасы деп санаймыз», - деді Данияр Ақышев.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, банктердің басты проблемасы - бұл олардың капиталына қысым жасап, кредиттік белсенділігін шектейтін нашар кредиттер үлесінің жоғары болуы. Ал бұл проблеманы шешпей экономиканың шынайы секторларын кредиттеуді қайта қалпына келтіруі мүмкін емес.
«Сондықтан Ұлттық банк акционерлер тарапынан міндетті қолдау болған кезде банктердің қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасын іске қосты. Қазкоммерцбанктен бөлек ірі банктерге де қолдау көрсетілді. Ірі 5 банкке көрсетілген қолдау көлемі 500 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды. Олардың барлығы да Қазақстан үшін жүйелі әрі әлеуметтік маңызы бар», - деді Данияр Ақышев.