Режиссер Дәрежан Өмірбаевтың "Ақын" атты фильмі Берлин кинофестивалінің бағдарламасына енді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
2022 жылдың 10-20 ақпан аралығында өтетін 72-Берлин халықаралық кинофестивалі "Форум" беделді бағдарламасына қатысатын алғашқы фильмдерді жариялады. Тізімде барлығы 10 фильм бар, олардың ішінде режиссер Дәрежан Өмірбаевтың "Ақын" атты фильмі бар. Байқаудың толық бағдарламасы келесі жылдың қаңтарында жарияланады.
"Ақын" кинотаспасын ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" түсірген.
Фильмнің сценарийі жазушы Герман Гессенің "Авторлық кеш" әңгімесінің негізінде жазылған. Фильмдегі басты рөлді "Жігіттер" тобының солисі Ердос Қанаев ойнады.
Еске салайық, "Ақын" фильмінің әлемдік премьерасы Токиодағы кинофестивальде өткен болатын, қазылар алқасы қазақстандық картинаға тәнті болып, Дәрежан Өмірбаевқа "Үздік режиссер" атағын берді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында Канн, Венеция және Локарно фестивальдерінің қатысушысы және жүлдегері Өмірбаев "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын алды.
2950 рет оқылды