ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен шамамен 791 млрд теңге көзделген, соның ішінде республикалық бюджеттен 437,2 млрд теңге қарастырылған, оның 437,1 млрд теңгесі немесе 99,9%-ы игерілген.
Р. Дәленовтың айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы 4,6 мың км құрылыспен және реконструкциялаумен қамтылды және 2018 жылдың қорытындысы бойынша 528 км қозғалыс ашылды. 928 км темір жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қостанай облысында ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары жүргізілді және Семей қаласының ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. 2018 жылы 172,7 км инженерлік желілер салынды, олардың тозуы 60%-дан 57%-ға дейін төмендеді. Бағдарламаны іске асыру 2018 жылы ЖІӨ өсіміне үлес қосып, жоспарда 55 мың жұмыс орны кезінде 86 мыңнан астам жұмыс орнын құруға жол ашты.
Өз кезегінде Р. Скляр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында автожол жобаларын іске асыру жалғасып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері автожол саласында 2,4 мың км республикалық маңызы бар автожол салынды және қайта жаңғыртылды.
Биыл 4,4 мың км жол қайта жаңғыртылады, жобаларға 100 мыңнан астам жол құрылысшылары тартылған. Жыл соңында қайта жаңғыртылған 654 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар 1,6 мың км автожол жөнделеді.
«Биыл қаңтар айының соңында жалпы ұзақтығы 471 шақырым болатын Алматы — Қорғас, Алматы — Қапшағай және Астана — Теміртау жол учаскелерінде ақы алу жүйесі толық іске қосылды. Жалпы 2019 жылдың қорытындысы бойынша ақылы учаскелерден түсетін жыл сайынғы қаржы шамамен 5,4 млрд тг құрайды. Келесі жылы ақы алу жүйесін тағы 5,5 мың км жүргізу жоспарлануда», — деді Р. Скляр. Жалпы, 2022 жылдың соңына қарай ұзақтығы шамамен 6,5 мың км жол ақылы болады. Одан түсетін қаржы 40 млрд теңгеге жетеді деген болжам бар. Бұл қаржы жолдың өзін өзі қамту режиміне өтуге мүмкіндік береді.
«Келесі жылы ақы алу жүйесін тағы 5 мың 500 шақырымға жүргізу жоспарлануда, ол автомобиль жолдарын күтіп ұстау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. 2022-ші жылдың соңына қарай ұзақтығы шамамен 6 мың 500 шақырым жол ақылы болады. Ал одан түсетін қаржы 40 миллиард теңгеге жетеді деген болжам бар. Аталған қаржы жолдың өзін-өзі күтіп ұстау режиміне өтуге мүмкіндік береді», - деді Р.Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
«Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, жергілікті желі жолдарын дамытуды қаржыландыру жыл сайынғы негізді 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шаралар 2025 жылдың соңына қарай 35 мыңға жуық шақырым жолды жөндеп, жергілікті желідегі жолдардың 95%-ын жақсартуға мүмкіндік береді
Сонымен қатар, азаматтық авиацияда көркеткіштердің тұрақты өсімі байқалып отыр. 2018 жылы транзиттік жолаушылар саны 45%-ға артып, 900 мың адамды құрады. 2020 жылы транзиттік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамды құрайтын болады.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде 3259,7 шақырым жылумен, сумен қамту және су тарту желілері, 24 қазандық, 71 басқа да нысан салынды. 2019 жылы 175 шақырым инженерлік желіні қайта жөндеу мен салуға 37,9 млрд теңге қарастырылған.
Бағдарламаны іске асыру көлік саласындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің қарқынын сақтап қана қоймай, сонымен қатар арттыруға мүмкіндік берді.Тек өткен жылдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты өсімі 6,1%-ке өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, көлік қызметтерінің көлемі 4,6%-ға, еңбек өнімділігі 3,4%-ға өсті. Барлық жобаларды іске асыру барысында 127 мың уақытша және 34 мың тұрақты жұмыс орны құрылды
Р. Склярдың айтуынша, әзірленіп жатқан бағдарлама аясында инфрақұрылымдық дамудың жаңа саясаты мынадай қағидаттарға негізделетін болады: облыстық және аудандық деңгейге баса назар аудара отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, көлік түрлерін бірыңғай жүйеге біріктіру контекстінде көлік инфрақұрылымын дамыту, интеллектуалдық технологияларға, цифрландыруға және жаһандық жүйелерге интеграциялауға негізделген шешімдердің басымдығы.
«Солтүстік – Оңтүстік» электр тарату желілерін салу және «Қарағанды– Балқаш» жолын салу жобаларын іске асыру туралы Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, «Ақтөбе – Ақтау» автожолы жобасы бойынша Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин баяндады.
Сондай-ақ, талқылаулар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов сөз сөйледі. Ол мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында биыл мемлекеттік органдар мен ЖАО қаражаттарды жылдың соңына қалдырмай, уақытылы игеруі қажет екенін атап өтті.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек жалпы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық бағыттарда жақсы нәтижелер көрсеткенін айтты. Құрылыс пен реконструкциялау жұмыстары жоспарлы режимде жүргізілді, ақы төлеу жүйесі кезең-кезеңімен енгізілді. Сонымен қатар, су тарту және сумен жабдықтау мәселелері бойынша қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр, 2015 жылдан бастап желілердің тозуы 57% дейін төмендетілді.