06 қыр, 2023 сағат 16:26

Ақылы бөлімде оқитын студенттерге жатақхана беріле ме – министрлік жауабы

© Photo: Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті

Ғылым және жоғары білім министрлігі ақылы бөлімде оқитын студенттерге де жатақхана беруге болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, биылдан бастап заң талаптары күшіне еніп отыр. Оған сәйкес, студенттерді жатақханада орналастыру жағынан ешқандай шектеу болмауы керек.

"Студент грантта оқи ма, ақылы бөлімде білім ала ма, барлығы жатақханадан орын алуға құқылы", - деді комитет басшысының орынбасары орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бірақ жатақхана орындарын тарату кезінде алдымен әлеуметтік жағынан осал санатқа кіретін студенттерге басымдық беріледі. Одан кейін оқу озаттары мен I курс студенттері орын алады. Алайда әрбір универсетте жатақхана орындары тапшы болғаннан кейін барлығына бірдей жете бермейді.

"Негізі, заң жағынан ешқандай шектеу жоқ", - деп атап өтті ол.

Айта кетері, биылдан бастап басқа қалаларда тұратын ата-анасынан айырылған студенттердің жатақханада тұру шығындары өтеуге шешім қабылданды.